Құрдасын атып өлтірген оқушылар ұсталды

745

Тағы да оқушылар атысты. Сарыағаш ауданындағы Жібек жолы ауылында екі жеткіншек өз құрдасын атып өлтірді. Бұл туралы 7-арна хабарлайды. Өлкедегі жаға ұстатар жағдай тек бұл емес. Құқық қорғаушылар мектеп оқушыларынан суық қарудың түр-түрін тәркілеп алыпты.

000

Ағасынан айрылған Бекасыл қайғыдан басын көтере алар емес. Жеті жасар бүлдіршіннің көзіне жас түйілді. Еріксіз еңіреп артында анасы да қалды. «Елгезек, еңбекқор ұлымды құрдастары атып кетті дегенде жүрегім тас төбеме шықты» деп, қайғыдан қан жұтып отыр.

[youtube]http://youtu.be/90ezn1e1cLg[/youtube]

16 жасар жеткіншектің өлімі ескі балабақшаның ауласында, таңертеңгі сағат 11 шамасында орын алыпты. Құқық қорғаушылардың айтуынша, алдымен үш жеткіншек ерегіседі. Кикілжің күшейген соң екеудің біреуі шолақ мылтықтың шүріппесін басып салған. Қазір Алмаздың көз жұмған жері қоршалған. Құрдасын атқан қаныпезерлер оқиға орнынан тұра қашады. Сол маңдағы тұрғын үйдің терезесінен оқиғаны көзі шалған куәгер болған жайды полицияға баяндап беріпті.

Нұрлан Сапаров, Сарыағаш ауданы прокурорының орынбасары: «Күдікті ретінде екі азамат ұсталып, қамауға алынды. Сот санкция берді. Олар 1998 жылы туылған. Сарыағаш қаласы Исмаилов мектебінің 10-сынып оқушылары. Олар шолақ мылтықпен атқан, марқұм содан қайтыс болған.»

[youtube]http://youtu.be/DDDbWTjrYao[/youtube]

Қазір екі мектеп оқушысының үстінен кісі өлімі мен заңсыз қару сақтау және қолдану дерегі бойынша екі қылмыстық іс қозғалыпты. 10-сынып шәкірттері білім алған мектепте жасөспірімдердің тентектігінен 5 бірдей педагог қызметімен қош айтысқан. Аудандық білім бөлімінің шешімі сол. Енді директордың да ісі майшаммен қаралмақ.

Зейнегүл Ниеталиева, Исмаилов атындағы жалпы орта мектептің директоры: «Мектеп психологтары қызметтерінен өз еркімен босап отыр. 8-11-сынып арасында бекітілген директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары өз еркімен кетіп отыр. Жұмысын енді бастаған тәрбие ісі жөніндегі орынбасарымыз, ол да өз еркімен босап отыр. Сынып жетекші қызметінен өз еркімен босап отыр.»

[youtube]http://youtu.be/Hixd7qkys_0[/youtube]

Оқушылардың оғаш әрекетінен соң мектеп әкімшілігі ата-аналармен жиын өткізуде. Әркім өз баласын бақылау керек дегенді айту үшін. Әйтпесе, ат төбеліндей педагог оқу орнындағы 1400 шәкірттің шалақайлығын қайсыбірі қадағаласын? Тәжірибелі ұстаздарды қызметінен айырғаннан ахуалдың өзгермейтіні анық. Осыны айтып, колледж басшылығы да шырылдап отыр.

Ержан Мырзазияев, «Қапланбек» гуманитарлық агро-экономикалық колдеж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары: «Бізде ешқандай кінә жоқ қой. Өздерінің үйлерінде, екіншісі мектептің кінәсінен болып отыр.»

[youtube]http://youtu.be/pm5-iicNSug[/youtube]

Ал прокуратура қызметкерлері осы оқиғадан соң 3 мектептің шәкірттерінен 8 суық қару тәркілепті. Құқық қорғаушылардың өздері аудандағы криминогенді ахуал ушығып барады дейді. Жыл басынан бері оқушылардан 74 атыс қаруы алыныпты.