Назарбаев зияткерлік мектебінде оқу-жаттығу өтті

423

Шымкенттегі физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған оқу-жаттығу шарасы өтті. Білім ұясының шәкірттері мен мұғалімдері Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің жеке құрамымен бірігіп, оқу ошағында өрт шыға қалған жағдайда жасалатын іс-әрекеттерді пысықтады.

001 (2)

Жаттығу шарты бойынша мектеп жатақханасынан өрт шықты. Мектептің қауіпсіздік қызметі дабыл жүйесін іске қосып, ғимарат ішіндегілерге қауіп туралы ескертілді. Осыдан кейін мектеп мұғалімдерінен құрылған арнайы жасақ 693 оқушы мен 245 қызметкердің қауіпсіз жерге шығуына көмектесті. Мұндай жағдайда үрейсіз, дүрбелең тудырмай ғимараттан шығу маңызды. Өйткені, мамандардың айтуынша, оқыс оқиға кезінде адамдардың басым бөлігі апаттан емес, одан қашу кезіндегі дүрбелеңде зардап шегеді екен.

001 (3)

Мектеп ғимаратында өрт шыққаны хабарланған соң өрт сөндірушілер мектепке тез арада жетті. Осы кезде ғимараттан барлық адамның шығып үлгермеген болатын. Қызыл жалын жолын бөгеп, жатақханада бірнеше оқушы мен тәрбиеші қалып қойған. Оларды арнайы сатымен құтқаруға тура келді.

001 (4)

Одан бөлек шәкірттерді тізім бойынша тексергенде екі оқушының мектеп ішінде қалып қойғаны белгілі болды. Қалыптасқан қауіпті жағдайды ескеріп, ғимарат ішіне құтқару қызметінің іздестіру тобы кірді. Нәтижесінде лифтте қамалып қалған екі бала құтқарылды. Өрттен шыққан түтінге иістеніп қалған оқушылардың денсаулығына қауіп төнгендіктен, апаттық медицина дәрігерлері оларға алғашқы көмек көрсетіп, жедел ауруханаға алып кетті.

Бұл уақытта жатақхана ғимаратынан шыққан өрт те ауыздықталып, толығымен сөндірілді. Облыстық ТЖД өрт сөндіру қызметі кезекші бөлімі бастығының орынбасары Қуаныш Арыстанов жаттығудың жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Айта кетейік, мұндай шаралар физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қызметкерлері мен шәкірттері арасында жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Жаттығуға облыстық ТЖД жеке құрамы мен өрт сөндіру бөлімдері қатысты.

Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі