Жол апатынан зардап шеккендер көп

475

Қоғамдық көлікке мініп, жазым болғандардың саны күннен күнге артып жатыр. Жүргізушілердің жауапсыздығынан жапа шеккен жолаушылардың басым бөлігі қалалық жедел жәрдем ауруханасында жатыр.

75 жастағы Бейсенғали Ілиясов жұма күні орын алған жол апатынан зардап шекті. Әдеттегідей № 74 бағыттағы автобусқа отырған қарт аурухана төсегінен шығам да ойламағанын айтады.

Бейсенғали Ілиясов: «Үйге қарай бет алдым. №74 автобустың ең алдына отырғанмын. Кенет автобус шайқалып кетті. Қарасам, үлкен ағашқа қарай келе жатырмыз. Мен қашып үлгердім, бірақ, автобус соғылды. Содан есімді білмеймін. Көзімді ашсам, ауруханада жатырмын.»

Орнынан тұрмақ түгілі қозғалай алмай қалған атайдың миы шайқалып, саусағы сынған. Жарақат бөлімінда Бейсенғали қартпен бірге сол автобуста болған тағы бір әйел жатыр. Жарақатының ауырлығын алға тартып, қандай да бір сөз айтудан бас тартты.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=cIGeV2gzsQU[/youtube]

Еске салайық, 21-қараша күні жолаушыға лық толы автобус жеңіл көлікпен соқтығысқан болатын. Соны салдарынан жол жиегіндегі ағашқа барып ұрылған қоғамдық көліктің ішіндегі 11 жолаушы қатты жарақат алды.

Сәбит Байбосынов, қалалық жедел жәрдем ауруханасының қабылдау бөлімінің меңгерушісі: «Жалпы, сол апаттан 11 науқас жеткізілді. Оның екеуін жарақаттану бөліміне жатқыздық. Диагноз қойылды. Қалғандарының жарақаттары жеңіл болғандықтан, алғашқы жәрдем көрсетілді де жергілікті амбулаторияларына жіберілді.»

Ал осыдан 24 күн бұрын автобустардың жарысы салдарынан болған жол апатынан аман қалған бойжеткен – Қарлығаш Құлтаева. Ауыр халде ауруханаға жеткізілген Қарлығашқа бүгінгі таңда ота жасалды. 1-қарашадан бері төсекке танылған арудың жолаушылар таситын қоғамдық көлік жүргізушілеріне өкпесі қара қазандай.

Қарлығаш Құлтаева: «Жүргізушілерге өкпелімін… Неше күннен бері жатырмын ауруханада. Мұндайды дұшпаныңа да тілемейсің ғой. Бірақ, тірі қалғаныма тәубе.»

Айта кетейік, соңғы бір айдың ішіндегі автобустың қатысумен 5 жол-көлік оқиғасы орын алған. Бір жолаушының көз жұмғаны баршаға аян. Аман қалғандары аурухана төсегінде жатыр. Ал жүз мыңдаған халық діттеген жеріне жету үшін жандарын шүберекке түйіп, күн сайын автобусқа мінуге мәжбүр.