Шымкентте әлеуметтік нан тапшы

751

Шымкенттегі әлеуметтік дүкендерде нан аз. «Атамекен» әлеуметтік дүкендерінде арзан бағада сатылып келген ас атасына шектеу қойылған. Бұрын қаптап ұн да сатып келген дүкендердің сөрелері бос тұр. Мұның себебі қаланы нанмен қамтып отырған наубайханның жұмысының тоқтауында көрінеді. Соның салдарынан әлеуметтік бөлке нан тапшылығы сезіле бастады.

Қаладағы «Атамекен» әлеуметтік дүкендерінде әлеуметтік нан жоқ. Ас атасына арналған дүкен сөрелері бос тұр. Аптасына бір рет қаптап ұн сатып келген сатушылар бөлке нанның өзін даналап алып отырғандарын жасырмайды. Ал санаулы келген нан көптің сұранысын қанағаттандырмайды. Тез таусылып кетеді. «Атамекен» корпорациясының арзан нанына әбден үйренген жұрт әбігерге түскен.

Бүгін байқағанымыздай, бірнеше шағынаудандағы «Атамекен» коорорациясына тиесілі дүңгіршіктер жабылып та қалған. Енді бірі бос тұрған сөрелерін өзге наубайхана өнімдерімен толтырған.

Ляззат Тағаева, сатушы: «Күніне 20 бөлке нан әкеледі. Жасырмаймыз, сұраныс көп. Өйткені «Атамекеннің» наны арзан әрі сапалы.»

Өңірде нан бағасын тұрақтандыру әрі тұрмысы төмен отбасыларға арзан бағада нан жеткізу үшін биыл жыл басында «Атамекен» наубайханасы ашылған болатын. Облыс әкімдігінің ұсынысымен бой көтерген алып кәсіпорын тәулігіне 120 мың нан пісіруге қауқарлы. Корпорация мен облыс әкімдігі арасында түзілген өзара келісімге сәйкес мұнда жеңілдетілген бағамен ұн немесе бидай жеткізілетін.

Нұржамал Романқұлова, наубайхана технологы: «Қазіргі жағдайда ұнның бағасы бірден 70 теңгеге көтеріліп кетті. Оның өзіндік құны болады гой – сол бірден көтеріліп кетті, сол себептен бізге нанды қымбат бағамен сатуға рұқсат жоқ. Әкімдік тарапынанан 30 теңгеден жоғары көтеруге болмайды дейді. Сондықтан зауытты тоқтатуға тура келіп тұр.»

Наубайхана басшылығы бұл мәселені жергілікті билік шешіп беретініне сенімді. Ал қала әкімдігі көмек беруге дайын. Тек өтінім берсе болғаны дейді.

Гүлжан Құрманбекова, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Егер наубайхана әлеуметтік ұнға сұраныс берсе, біз өтінімді қабылдауға дайынбыз.»

Әлеуметтік нанның тапшылығы, әсіресе, зейнеткерлер мен көпбалалы отбасыларға қиындық туғызуда. Онсыз да азық-түлік күннен күнге қымбаттап бара жатқан өңірде енді қолжетімді нан жетпей қалмаса болғаны.