Түркістанда төрт нысан ашылды

862

Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан қаласында төрт әлеуметтік нысан ел игілігіне тапсырылды. Нысандардың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев қатысты.

008

Енді түркістандық ата-аналарды балалар ауруханасындағы жатын орынның жетіспеушілігі, медициналық құрылғылар мен кәсіби мамандардың тапшылығы сынды өзекті мәселелер қинамауы тиіс. Осыдан екі жыл бұрын құрылысы басталған балалар ауруханасына республикалық бюджеттен 5,5 млрд. теңге бөлінген. Аумағы 22 227 шаршы метрді құрайтын төрт қабатты 200 орындық еңселі ғимараттың барлық бөлімдері заманауи құрылғылармен жабдықталған.

009

Балалар ауруханасының ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев ғимаратты аралап, ондағы құрылғылармен танысты, сала мамандарымен пікір алмасты. Дәрігерлерге қызмет көрсету мәдениеті мен сапасын арттыруды тапсырды.

013

 

012

Сонымен қатар осы күні сегіз мыңнан астам тұрғыны бар Оранғай елдімекенінде дәрігерлік емхана пайдалануға берілді. Енді оранғайлық дәрігерлер науқастарға жайлы да жылы бөлмелерде сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік алды. Құрылысына облыстық қазынадан 76 млн. теңге бөлінген емхананың қазығы биылғы сәуір айында қағылып, құрылыс жұмыстары сегіз айда толық аяқталды.

010

011

Түркістандықтардың қуанышы қаладағы С.Рақымов және Ш.Ниязов атындағы орта мектептердің жаңа ғимараттарының ашылуымен өз жалғасын тапты. Әрқайсысы 300 оқушыға есептелінген заманауи типтік ғимараттарда білім алуға тиісті жағдай жасалған. Бұл екі мектептің құрылысын жүргізуге облыстық қазынадан 692 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалған. Бұл – тәуелсіздік жылдары бір ғана Түркістан қаласында бой көтерген отыз бірінші мектеп болып табылады.

017

018

015

Осылайша түркі дүниесінің рухани орталығы саналатын көне Түркістан шаһарының тұрғындары еліміздің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнін жоғары мерекелік көңіл-күймен тойламақ.

014

016

Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында 41 білім беру, 64 денсаулық сақтау нысанын ел игілігіне тапсыру жоспарланған. Бүгінге дейін 35 білім беру, 52 медициналық нысан пайдалануға берілді. Қалғаны жыл соңына дейін ашылады деп күтілуде.

Дереккөз: ОҚО әкімдігі аппаратының баспасөз қызметі