Оңтүстікте Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылу салтанаты өтті

625
жастар "флэш-моб" биін ұсынды

2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып белгіленyіне орай Шымкентте мерекелік шара өтті. Жаңа іскерлік әкімшілік ғимараты алаңында жиналған жамағат бір шаңырақ астында шоғырланған ағайынның татулығына тағы да куә болды.

Спортшылар мерейтойлық туды көкке көтерді

Алдымен алаңға жиналған ағайынның алдында талай байрақты бәсекелерде топ жарған спортшылар Ассамблеяның мерейтойлық жалауын алып өтті. Мұның маңызы – биік белестер тек бірлікпен, жамағаттың жұмылуымен алынатынын көрсету. Жаңа әкімшілік-ғимараттың алдында көпшілік жастардың да белсенділігін байқады. Олар 20 минут бойы би биледі. Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, қазақтың патриоттық әніне жұмыла билеушілердің саны 600 адамды құраған.

жастар "флэш-моб" биін ұсынды

Марфуға Ибрагимова, студент: «Біз би билеп, мерекенің өз деңгейінде өтуіне үлес қосып жатырмыз. Мен өзбек ұлтының өкілімін, бірақ қазақстандық ретінде елімді құрметтеймін, қазір мектеп оқушысымын, бірақ болашақта үлкен азамат болып, Отанымыздың гүлденуіне үлес қосамын».

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=3uVcbM1Pprw[/youtube]

Икрамжан Хашимжанов, өзбек этно-мәдени орталығының төрағасы: «Біздің ұлттың татулығына шетелдіктер тәнті болған. Талай басқосу, жиындарда көріп, қызыға да қызғана қарады. Бір сөзбен айтқанда, бұл – баламасы жоқ қоғамдық институт».

этно-мәдени орталықтар өз өнерлерін паш етті

Бұдан соң мерекелік шара Түркістан сарайында жалғасты. Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Н.Әбішұлының құттықтау сөзін оқыды.

Бүгінде облысымызда 140-қа жуық ұлт өкілдері шоғырланған. Олардың дәстүр-мәдениеті дамуы үшін өңірімізде 20 этно-мәдени орталық белсенді қызмет етіп келеді. Мерекеде сол отандастарымыз қарап қалмады. Ұлттық болмысынан сыр шертер өнерлерін паш етті.

концертті тамашалауға келушілердің қарасы қалың

Ирада Икрамжанова, көрермен: «Расында өте керемет кеш болып жатыр. Үлкен әсер алдық, мен естімеген әндер де айтылды. Біз қазақстандық ретінде өзімізге артылған жүкті сезініп, тағы да серпіліп қалдық. Отанымыздың көпұлтты мемлекет екенімен мақтана аламыз. Қай кезде де шаңырағымыз шайқалмай, ынтымағымыз артсын!»

Оңтүстікте Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылу салтанаты осылай өрбіді. Айта кетейік, биыл Ассамблеяның 20 жылдық мерейтойы республика көлемінде ауқымы кең шаралармен атқарылатын болады.