Облыс әкімі есеп берді

215

Бүгін Шымкенттегі «Түркістан» салтанат сарайында облыс әкімі А.Мырзахметов өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы халық алдында есеп берді. Жиынға 1700-ге жуық жергілікті тұрғындармен қатар Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қ.Айтаханов та қатысты.

000

Оңтүстік Қазақстан 2014 жылы межелеген көрсеткішке қол жеткізген. Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметов мәлімдеді. Жалпы, өңiрлiк өнiм көлемі 200 миллиард теңгеге артып, жылдың қорытындысы бойынша 2,3 триллион теңге болады деп күтiліп отыр.

Сондай-ақ, Асқар Исабекұлы өңірде «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша 56 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен камтылғанын айтты. Денсаулық сақтау, білім, жастар саясаты салаларындағы да жетістіктерге тоқталды.

Облыс басшысының есебін тыңдаған халық Сарыағаштағы оқыс оқиғаны дер кезінде тұрақтандырғаны үшін алғысын айтты. Өздерін толғандырып жүрген сауалдарын жолдады. Кентаулықтар көгілдір отынмен қамтуды сұранса, шымкенттіктер қоқыс полигонын ертерек ашуды өтінді.

Жиналғандардың басым бөлігі қаладағы ирригация жүйесін жөндеуді сұрап отыр. Сондай-ақ, газдандыру мәселесінің өзектілігі басым. Бұл мәселенің шешілу жолы қарастырылып жатқанын жеткізген облыс басшысы қойылған әр сұраққа тұщымды әрі толық жауап беруге тырысты.