Электр энергиясы, газ және жағармай арзандады

456
фото: //trkterra.ru

Оңтүстікте электр энергиясы арзандады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы ұлттық экономика министрлігінің Оңтүстік Қазақстан облыстық табиғи монополияны реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті хабарлайды.

Жарықтың арзандауына «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-нің электр энергиясын босату бағасының 1 кВТ/сағатқа 8 теңге 80 тиыннан 8 теңге 65 тиынға түсуі себеп болып отыр. Осыған байланысты 2015 жылдың 1 наурызынан бастап Шымкенттегі тұтынушылар үшін жарықтың тарифі 18 теңге 33 тиыннан 18 теңге 23 тиынға арзандады. Ал облыс тұрғындары 1 кВТ/сағатқа 18,46 теңге емес, 18,33 теңге төлейді.

Бұған қоса Қазақстанның ішкі нарығындағы сығымдалған газдың бағасы 65 %-ға арзандады. Энергетика министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен біріге отырып осындай шешімге келген. Енді елімізде мұнайға ілеспе газдың сығымдалған түрінің 1 тоннасы 11 мың 33 теңге 91 тиын тұрады. Бұған дейін бұл баға 32 мың теңгені болатын.

Жер емген ағайын үшін де жағымды жаңалық бар. Биыл диқаншылардың егіншілік пен жер жұмыстарына жұмсалатын сұйық отынға 30 пайыздық жеңілдік бар. Былтыр дизельді отынның бағасы 1 литріне 115 теңге болса, биыл бұл көрсеткіш 95 теңгеге түскен. Ал оның нарықтағы бағасы 99 теңгені құрап отыр.