21 Наурыз — Үйлесім күні. Оңтүстікте ұлт пен ұлыстың үйлесім тауып, тату-тәтті әрі бірлікте ғұмыр кешіп жатқанын ешбір оқиға, ешбір қисынсыз пиғыл жоққа шығара алмайды. Өйткені халықтың өзі сол бейбітшілікті, ауызбіршілікті қалайды. Наурыз мейрамын күнгейдегі этно-мәдени орталықтардың өкілдері Тәуелсіздік саябағында тойлады. Батысқазақстандық қонақтарын көріп, жеген асын жерге қойып, қауышқан сәттер осы. Өзі дәмін татпаса да қонағын жарылқайтын пейілі аңқып тұр жерлестердің!
Шымкенттіктердің Наурыз көжесінен тамсана дәм татқан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, сол облыстың Достық үйінің басшысы мен «Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени орталығының төрағасы Қазақ пен қырғыз, өзбек пен ұйғырдың биін де биледі. «Бір ел — бір тағдыр» тақырыбымен өткен фестивальде облыстық этно-мәдени бірлестіктер жанындағы шығармашылық топтардың қолөнерімен, ұлттық тағам, дәстүрін паш ететін құнды дүниелерімен танысты.
Бану Нұрғазиева, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары: «Оңтүстіктің жылылығы тек табиғатында емес, оның халқы да сондай тамаша, ақжарқын екенін білемін. Бүгінгі мерекеде оған тағы көз жеткіздім. Қандай тамаша! Мен осы ыстық лебіздеріңізді Маңғыстауға міндетті түрде жеткіземін!»
Енді Шымкенттегі Тәуелсіздік саябағында мұнайлы Маңғыстау азаматтарының аллеясы да бар. Жаңару мен тазарудың, жыл басының мерекесінде қонақтар шырша егіп, тағы бір ізгі іске қатысты.
Магомед Лорсанов, Маңғыстау облыстық шешен-ингуш этно-мәдени орталығының төрағасы: «Міне, осы біз еккен ағаштар біздің туыс-бауыр екеніміздің белгісі болады. Мен оған сенемін. Табиғат түлеп, жер көгерген шақ сіздер жақта өте әдемі! Наурыз мейрамы құт-береке әкелсін халқымызға! Бейбіт күнімізге шүкіршілік етейік!»
Бұл күні мерекелік концертке жиналғандар көп болды. Барлығының көңілі көтеріңкі.
Әсма Қалыбекова: «Бұл — Алланың бізге берген сыйы — көпұлтты елміз! Қазақстандай жер жоқ әлемде! Біз барымызды бағалауымыз керек!»
Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы аясында республика бойынша өткізіліп жатқан «Қазақстан халқы Ассамблеясы — 20 ізгі іс» акциясы эстафетасының символы Тайқазан бірнеше күн бұрын Жетісу өңірінен Оңтүстікке әкелінген болатын. Ұлыстың ұлы күні біздің өңірде тайқазан Маңғыстау облысының делегациясына тапсырылды.
Көпшілік «Жаңа жыл жарылқасын, ырыс-несібеміз арта берсiн!» деген тілекпен тарқасты.