Екі жыл іздестіруде жүрген алаяқ ұсталды

249
фото: // kapital.kz

Шымкент қаласының тәртіп сақшылары екі жыл іздеуде жүрген алаяқты қолға түсірді. 2015 жылдың наурыз айының соңында Әл Фараби полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген жедел-алдын алу іс-шарасы барысында қаладағы кафелердің бірінен алаяқтық қылмысқа қатысы бар деген күдікпен, екі жыл іздеуде жүрген, 31 жастағы қала тұрғынын ұстады. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

2013 жылы ақпан айында полицияның кезекші бөліміне арызданып келген 24 жастағы жергілікті тұрғын өзінің бір танысы оған жұмысқа орналасуға көмек берем деп, сеніміне кіріп, алаяқтық жолмен 300 мың теңгесін қолды еткенін айтады. Сол жылдың желтоқсан айында күдікті өзінің танысы, 30 жастағы Шымкент қаласының тұрғынының сеніміне кіріп, оған өзімен бірге пәтерді жалға алып тұруға көндірген. Арада бірнеше күн өткенде жәбірленушінің жоғын пайдаланып, оның ақшасын, 70 мың теңгеге бағаланатын ұялы телефонын ұрлап кетіп, қылмыс орнынан ізін суытқан.

Қазіргі таңда полиция қызметкерлері ұсталған азаматшаның 3 алаяқтық жайтқа қатысы бар екенін анықтады. Дегенмен, жәбірленушілер бұдан да көп болуы мүмкін деп болжап отыр тергеушілер. Жалпы жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі миллион теңгеге жуық.

Аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің екі бабы бойынша, 177-бап – алаяқтық және 175-бап – ұрлық дәйегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауда. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Оңтүстік Қазақстан облысының полиция қызметкерлері азаматтарға үйге бөтен адамды кіргізбес бұрын және олардың көмегін алмас бұрын, оның кім екенін, жұмыс орнын т.б. қажетті мәліметтерді анықтап алуды ескертеді. Сіздің алдыңыздағы азаматтың алаяқ емес екеніне көз жеткізіңіз. Егер сіз бөтен адамнан күдіктенсеңіз не болмаса жапа шексеңіз, тез арада 102 телефоны арқылы полицияға хабарласыңыз.