Ана – кез келген құрмет пен қолдауға лайық. Қолдау демекші, жақында Шымкент қаласының билігі жағымды хабар таратты. Осыны естіген алтын құрсақты аналарымыз «қоғамдық көліктерде тегін жүретін болдық», деп қуанып еді. Бірақ…
Арада көп уақыт өте қоймай жарияға жар салынған бұл жаңалық қуаныш емес, аналардың жүрегіне жара салды. Бұл бастамаға жолаушы тасымалдайтын компания басшылары қол қойғанымен жүргізушілердің кейбірі мойындағысы келмейді екен. Автобус кондукторлары көпбалалы ана екенін дәлелдейтін құжатқа көз салып қарамақ түгілі, тіпті балағаттап жіберетін көрінеді.Осындай арыз-шағымын айтып редакцияға хабарласқан оқырмандар саны соңғы аптада жиілеп кетті.
«Ел-жұрттың көзінше намысыма тиді» деп жүргізушілерге өкпесі қара қазандай болған аналардың бұл реніші орынды-ақ. Ал, көлік жүргізушілері: «күнделікті табыс кейде шығынды ақтамайды», деген уәж айтады.
Ал осы кезде…
Автобустың жыры таусылар емес
«Тезірек мініңдер….», «…сәл ары тұршы…», «…есікке жабыспаңдар…», «Мінгендер, жолақысын созып жіберіңдер!»
Бұл ешқандай да әңгімеден үзінді емес, күн сайын Шымкенттегі қоғамдық көліктерде еститін сөзіміз. Билікті қайдам, қара халықтың құлағы бұған әбден үйренген.
Өзін Пернекүл деп таныс-тырған алтын құрсақты ана автобуста тегін жүрмек түгілі, ақшасын төлесе де жағдайдың мүлдем қарастырылмағанын ашына айтты. Кондукторлар мен жүргізушілердің мәдениетсіздігі, көлік ішінің ластығы да тұрғынның ызасына тиіп бітіпті. Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жарқын Байдуллаев қоғамдық көліктердегі мәдениетсіздік қала үшін айықпас проблема екенін жасырмады.
Замира Тастанова, «Күміс алқа» иегері:
– Көпбалалы аналардың қоғамдық көліктерде тегін жүретінін естіп, бізді де елеп-ескергендер бар екен деп қуанып қалып едім. Тек бұл жаңалықты қоғамдық көлік жүргізушілерінің кейбірі «ондай заң жоқ» деп, мойындамайды. Тіпті өзге жолаушылардың көзінше ұятқа қалдырып, ауыр сөздер айтты. 9 сәуір күні №33 бағыттағы автобус кондукторы «Күміс алқа» иегері екенімді дәлелдейтін құжатымды көрсетсем де көліктен түсіріп жіберді. Жауапты мамандар сүйіншілетпес бұрын неге жүргізушілерді алдын ала құлақтандырмайды? Керек десеңіз, кейбір автобус ішінде тегін жүру туралы хабарлама да жоқ. Оны кім қадағалауы тиіс?
Жарқын Байдуллаев, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:
– «Алтын алқа» және «күміс алқа» иегерлерінің қоғамдық көліктерде тегін жүру мәселесі көлік компаниялары қауымдастығы тарапынан көтерілген бастама болатын. Олар қызмет көрсететін компания- лармен меморандумға отырған. Осы мәселеге қатысты біздің бөлімге шағым айтып келгендер де болды. «Южавтотранс» және «Оңтүстік Транс Құлагер» қауымдастықтары тарапынан қабылданған бұл бастамаға орай біз қоғамдық көлік жүргізушілеріне автобус ішіне жеңілдіктер туралы ескертпелерді ілу қажеттігін тапсырдық. Жақын күндері оны арнайы рейдтік шара барысында тексеруді жоспарлап отырмыз. Әрине, тек әкімдік қызметкерлері емес, қауымдастық тарапы мен БАҚ өкілдері де тексеру жұмыстарына атсалысады деген ойдамыз. Шыны керек, кейбір көлік компаниялары бұл бас-таманы қолдағысы келмейтін сияқты. Ал биліктің қолынан келетін еш шара жоқ. Заң аясында мұндай жеңілдіктер мүлдем қарастырылмаған.
– Біздің бөлімге жолаушылар тарапынан күніне түрлі шағым келіп түседі. Барлық шағым бойынша аптаның әр сейсенбісінде көлік компания өкілдерімен жиын өткізіп тұрамыз. Әрбір басқосуда этика мәселесі күн тәртібінен түскен емес, – деді бөлім басшысының орынбасары. Қоғамдық көліктер қызметіне, сапасына жауапты бөлім өкілі шамадан тыс тәртіп бұзған жүргізуші тиісті жазасын алып жатқанын да атап өтті. Алайда бір көлік компаниясынан жұмыстан қуылған жүргізуші келесі бір компаниядан оп-оңай жұмыс табуда. Себебі: қалада қоғамдық көлік жүргізушісі мен автобус тапшы. «Тапшы екен деп қара халық қашанға дейін үнсіз отыруы тиіс?» деген сауалға жауапты маман бөлім қолынан келгеннің бәрін жасап жатқанын, тәртіпке бағынбаған көлік компанияларымен келісімшарттың бұзылатынын да алға тартты.
Айтпақшы, көптің көкейін мазалаған тағы бір сұрақ – қоғамдық көліктердің кестеден кешігуі. Иә-иә, «Аялдамада 1 сағат тұрдық. Автобус әлі жоқ» деушілерді жиі естіп те, көріп те жүрміз. Алайда қаланың шалғай аймағындағы бұл проблема жақын арада шешіле қоймайтын түрі бар. Онда халық саны аз. Ал жолаушысы сирек шағынаудандарға көлік компаниялары қызмет көрсеткісі келмейді. Шығын ақталмайды. Қалада муниципалды парк ашылады деген сыбыс бар. Сол кезде ғана бұл мәселеге нүкте қойылады деген үміт те жоқ емес. Ал шаһар орталығында әр бағыттағы автобус-тардың аралық уақыты кесте бойынша орта есеппен 10 минуттан аспауы тиіс. Бірақ, бұл ереженің де сақталып жатқаны шамалы. Тәртіпке бағынбайтын жүргізушілердің саны тыйылар емес.
Дайындаған – Жансая Тәуекелқызы
«Оңтүстік Рабат», №16, 22.04.2015