Сабақтан үйлеріне қайтпаған қыздар үш тәуліктен кейін табылды

273

Шымкентте екі оқушы қыз жоғалып кетті. Мектептен шыққан оларды белгісіз біреулер көлікке отырғызып, белгісіз жаққа алып кеткен екен. 15 жасар екі қыздың туыстары бірнеше тәулік бойы жан-жаққа іздеу салады. Арада 3 тәулік өткен соң қыздарды Жеңіс саябағында отырған жерінен кездейсоқ адамдар көріп қалған.

006

Туыстарының айтуынша, жас қыздар үш еркектің өздерін зорлап, қорлағандарын жеткізіпті. Оларды бір пәтерде қамап аш ұстаған. Бұған қоса ауыздарына арақты қинап құйған деген мәлімет бар. Содан кейін екі қыз өздері қашып шығыпты.

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы: «4 сәуірде Еңбекші полиция бөліміне ата-аналар арызданды. Өз арызында олардың екі жасөспірім қыздары белгісіз жағдайда жоқ болып кеткені туралы көрсеткен. Осыған байланысты полиция қызметкерлері арнайы іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 6 сәуір күні қаладағы саябақтардың бірінен екі қыз табылды. Жасөспірім қыздардың айтуларына қарағанда, оларды белгісіз үш ер кісі қорлаған. Осыған байланысты қазіргі таңда полиция қызметкерлері күдікті азаматтарды қолға түсті. Олар – 1988 жылы, 1990 және 1996 жылы туылған Шымкент қаласының тұрғындары. Қазір сол күдіктілердің үстінен Қаратау полиция бөлімінің қызметкерлері қылмыстық кодекстің 122-бабы бойынша қылмысты іс қозғалды. Бұл мәселе жан-жақты тексеріліп, тергеу амалдары жүргізілуде. Және бірнеше сараптамалар тағайындалды.»