Шымкент сайлауға дайын

943

Шымкенттегі 222 сайлау учаскесінде соңғы дайындық жұмыстары пысықталуда. Бюллетендерін түгелдеп, арнайы сейфке салып, сайлаушыларының тізімін сақадай-сай етіп отырған учаскелер сайлаушыларын қабылдауға әзір.

Қаладағы №2 дарын мектебінің ғимаратында орналасқан 33-ші сайлау учаскесіне келушілер көп. Олардың басым бөлігі сайлаушылар тізімінде бар-жоғын тексеріп жатыр. Айта өтейік, бұл учаскеде 2097 азамат дауыс береді. Олардың әрқайсысына арнайы шақыру да жіберілген.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=BWPlmXvuqDo[/youtube]

Саяси доданы бақылаушылар үшін де орын дайын. Ал сайлаушыларға төрт бірдей кабинет дайындалыпты. Ол да алдын ала бекітілген ережеге сай жабдықталыпты.

Сәдібек Төлтебаев, №33 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы: «Сайлауды бақылаушылардың да орындары дайын. Комиссия мүшелері өз міндеттеріне сақадай-сай. Сайлаушыларға жағдай жасап отырмыз. 2097 азаматқа қызмет көрсетеміз. Біздің сайлау учаскесінен тек екі азамат қана сайлауға қатыса алмайды».

Ал №49 сайлау учаскесінде күтушілер залы ұйымдастырылыпты. Яғни, тізімде жоқ азаматтар бірден ХҚКО-ның көмегі арқылы мекенжайын анықтап, дауыс беруге жолдама алады. №42 мектептің базасындағы сайлау учаскесі – қаладағы ең үлкен сайлау орталығы. Мұнда үш мыңға жуық тұрғын өз даусын беріп, саяси додаға қатысады деп жоспарлануда.

Сонымен, саяси додаға небәрі екі күн қалды. Қаладағы 222 сайлау учаскесі сайлаушыларды қабылдауға әзір. Сайлау күні таңғы тәтті ұйқысын қиып, еліміздің елеулі күнін тасада қалдырмаған азаматтарға әр учаскеде сыйлықтар табысталатын болады. Жасампаз істердің жалғасын тапқанын қалайтын Алаш жұрты бұл күні өз азаматтық борыштарын кешкі сағат 20:00-ға дейін өтей алады.