Шымкентте бірегей сауда-логистика орталығы салынуда

458

Қазақстанда үкімет тарапынан ірі мегаполистерде азық-түлік белдеуін қалыптастыру бағытында маңызды жобалар қолға алынған. Осы жоспар негізінде бүгінгі таңда Шымкент қаласындағы әуежайдың маңында аумағы 92 гектар жерге әлемдік стандартқа сай «А» санатты заманауи сауда-логистика орталығы салынуда. Бұл туралы «Шымкент келбеті» жазады.

001

Жаңадан салынып жатқан сауда-логистикалық орталығының тиімділігі сол – тоғыз жолдың торабында орналасқан. Географиялық тұрғыдан алғанда бұл аумақ өте ыңғайлы. Әуежайдан 3 шақырым, Батыс Европа – Батыс Қытай халықаралық тасжолынан 4 шақырым жерде орын тепкен. Сонымен қатар 500 метр жерде теміржол желісінің болуы да орталықтың болашағына зор серпін беретіні анық.

002

Қазіргі кезде құрылыс орнына «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 1,5 млрд теңгенің инфрақұрылым құрылысы жүргізіліп, барлық коммуникациялық жүйелер жеткізілген. ОҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы сауда және баға мониторингі бөлімінің басшысы Рая Кохаеваның айтуынша, бүгінде мұнда 5 жоба іске асырылып жатыр. Олар – «Kazakhstan Logistics group», «Зерде ҒӨБ» және «Арман Юг Групп» компанияларының жобалары.

003

Ал «Continental Logistics Shymkent» ЖШС қоймасының еден құю жұмыстары толық аяқталып, стеллаждарды орнату бойынша дайындық жұмыстары басталған. Сондай-ақ, «Eurotransit Terminal» ЖШС және «Бипэк авто» ЖШС қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттарын дайындауда. Тиісінше сол компания қоймаларының құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.

– Мұндай ірі жоба еліміз бойынша осы Оңтүстік Қазақстан облысында ғана жүзеге асуда, – дейді Рая Нақыпбекқызы. – Құрылыс жұмыстары былтыр көктемде басталды. Сауда-логистика орталығы әлемдік деңгейдегі жоғары талаптарға сай жасақталып отыр. Мұнда азық-түліктің барлық түрі сақталатын болады. Аталмыш орталықтың жұмысы екі бағытта жүреді. Біріншісі – логистиканы дамыту, екіншісі азық-түлік қауіпсіздігі белдеуін құру болып отыр.

Айта кетейік, қойманың жалпы ауданы 230 мың шаршы метр. Жоспарға сәйкес 2015 жылдың мамыр айында нысанның І кезеңі өз жұмысын бастайды. Биыл жыл соңына дейін 160 мың шаршы метрлік 11 қойма пайдалануға берілмек.

Ал ІІ кезең жұмыстары (70 мың шаршы метр) 2016 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Жалпы алғанда 2016 жылы сауда-логистикалық орталықта 8 жоба толықтай іске қосылады. Оған жалпы сомасы 24 млрд теңге инвестиция тартылмақ.

«Шымкент» ӘКК» ҰК» басқарма төрағасының орынбасары Бекжан Толыбайдың айтуынша, сауда-логистика орталығы көршілес Жамбыл, Қызылорда және Алматы облыстарының да тауар өндірушілері мен өңдеу саласының дамуына оң ықпалын тигізеді.

– Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен салынып жатқан бұл орталықтың стратегиялық маңызы өте зор. Мұнда отандық тауар өндірушілерінің ішкі-сыртқы нарыққа өнімдерін өткізудің оңтайлы жүйесі жасалмақ. Орталық біздің әлемдік нарыққа шығуымызға үлкен мүмкіндік береді. Себебі, біздің облыс ауыл шаруашылығы саласына бағдарланған аймақ. Бұл орайда осы маңайда 800-ге жуық жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, қазір Шымкент қаласының да халқы өсіп жатыр, таяу жылдарда миллионды қалаға айналатынымыз анық. Осы орайда қала тұрғындарының азық-түлікке деген сұранысын қамтамасыз етуде орталықтың тигізер пайдасы көп.

Бір атап өтерлігі, сауда-логистика орталығының аумағында әкімшілік, кеңсе, кедендік ғимараттар, қонақ үй, зертханалар, оның ішінде кедендік зертханалар, кедендік рәсімдеудің барлық процедураларын жүргізетін бекеттер салынуда.

Сәбит Тастанбек. 3 сәуір, 2015