Полицейлер өрттен 30 адамды құтқарып қалды

980

Кентау қаласының полицейлері бес қабатты тұрғын үйден шыққан өрттен 30 адамды құтқарып қалды. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Маусым айының 13-нен 14-не қараған түні кезекші бөлімге бес қабатты тұрғын үйден өрт шыққан туралы ақпарат келіп түседі. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен өрт сөндіру қызметі келіп жетті. Бұл уақытта өрт көпқабатты үйдің 4 және 5-қабаттарын жаулап алған еді. Бәрінен де бейғам тұрғындар қалың ұйқыда жатқан.

Орын алған тілсіз жаудың бетін қайтаруда полиция қызметкерлері өздерінің өміріне қауіп төніп тұрғанына қарамастан, жеке бастарын тәуекелге тігіп, жалындап жатқан оттың арасына кіріп кетті. Адам өмірі мен оның денсаулығына қауіп төнген жағдайда олардың амандығын сақтап қалу мақсатында ерекше белсенділік танытты.

Тәртіп сақшылары үйдің ішіне ену үшін тұрғындардың есігін сындырып, түтінге тұншыққан адамдарды алып шықты. Кейбіреулерін терезе арқылы өртке қарсы баспалдақтан түсіруге тура келді.

Осы оқиға барысында жергілікті полиция қызметкерлері адами борышын орындап, ерлік көрсетті. Солардың бірі – Кентау қалалық жол-патрульдік полициясы взводының бөлімше командирі, полиция аға сержанты Керімбеков Берік Сейілбекұлы оқиға орнына бірінші жетіп, тұрғындарды құтқару мақсатында газдан қорғағыш (противогаз) құралын киіп, өрт жалынына оранып жатқан 5-қабатқа көтеріледі.

IMG_3589

Сол жерде көмек сұраған қыздың даусын естіп, ішке кірген күйі екі әйелді аман алып шықты. Олардан іште 2 жасар қыз қалғанын естіген Берік ішке қайта кіріп, бүлдіршінді де өрттен алып шықты.

Сондай-ақ, жол-патрульдік полиция қызметкері, полиция сержанты Жанғозиев Марат Мансұрұлы құтқару қызметінің баспалдағымен 4-қабатқа шығып, түтінге оранған 6 адамды құтқарып шықты. Олардың ішіндегі үш жас бала басқа амалы қалмағандықтан төмен қарай секіргелі тұрған екен.

IMG_3598

Өртті құрықтау үшін 100 полиция қызметкері, 40 өрт сөндіру қызметкері және 18 дәрігер жұмылдырылды. Жұмыла жасаған жұмыстың нәтижесінде өрттен 30 адам құтқарылды. Оның ішінде 8 ер кісі, 9 әйел және 13 бала бар.

Кентау қалалық ауруханасына 20-дан астам адам жеткізіліп, оларға дер кезінде медициналық көмек көрсетілді. Тергеу амалдары жүргізілуде. Өрттің шығу себебін арнайы комиссия анықтауда.

Ал тілсіз жаудан аман қалған тұрғындар полицейлер мен өрт сөндірушілерге алғысын білдіруде. Осы орайда Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің басшылығы тұрғындарды өрттен құтқару кезінде көрсеткен ерекше батылдығы мен ерлігі үшін Керімбеков Берік пен Жанғозиев Маратты үкіметтік марапатқа ұсынып, Қазақстан Республикасы ішкі істер министріне хат жазды.