Шымкент билігі сөзінде тұрды

350

Бүйректен сирақ шығарып, көше бойын заңсыз саудаға айналдырған кәсіпкерлер мен қалалық әкімдік қызметкерлерінің арпалысы билік үшін нәтижелі аяқталатын түрі бар. Шымкенттегі Исмаилов көшесіндегі қызған темір-терсек саудасы тоқтайтын болды. Өйткені мұндағы 19 кәсіпкердің өз иелігіндегі жерді тиісті мақсатында пайдаланбай отырғаны анықталған. Енді жергілікті билік жаяу жүргіншілер жолын қайта қалпына келтіруге кірісті.

001

Кәсіпкерлерге қайта-қайта ескерте беруден шаршаған шенеуніктер бұл жолы бірден іске кірісті. Алып техника көшенің жиегін жермен-жексен етті. Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, мұндағы кәсіпкерлер өзімбілермендікке салынып, бұрынғы жиек тастарды жүк көліктерімен талқандап тастаған.

Абай Тұрханов: «Біз алдымен бордюр орнатамыз. Кейін қашыртқы арық, жаяу жүргіншілер жолы, сосын жасыл желек болады. Жалпы ені 1,5 метрді құрайды.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=dJwX_qooLfs[/youtube]

Естеріңізде болса, бұрынғы Громов, қазіргі Исмаилов көшесінің тұрғындары осындағы бей-берекет орналасқан сауда орындарынан шаршағандарын айтып, талай шағымданған. Биліктегілер кәсіпкерлердің заңсыз әрекетін тәптіштеп түсіндірген де. Айтудан жағы талған әкімдік өкілдері бұл жолы нақты іспен нысан иелерінің төбе шашын тік тұрғызды. Істі созбалаңға салып жүрген кәсіпкерлер ақырында заттарын алып кетуге уақыт сұрап, әлекке түсті.

003

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, жол жиегін жаңғырту жұмысы Исмаилов көшесіндегі теміржол өткелінен бастап, Павлов көшесінің қиылысына дейін қамтылады. Мердігерлер жыл соңында бұл аумақпен жаяу жүргіншілер емін-еркін жүреді деп уәде етті.

Нұрлан Жаңабай