Түркістанға табиғи газ жеткізіледі

471

Түркістанда соңғы 3 жыл көлемінде қала тұрғындарының арасында қызу талқыға түсіп жүрген мемлекет есебінен үйлерге табиғи газ тарту жұмысы биыл бастау алды. Қала ішіндегі Сауран шағынауданында жүргізіліп жатқан газ құбырларының құрылысымен қала әкімі Ә.Өсербаев танысып қайтты.

002

Атқарылып жатқан жұмысқа көңілі толған қала басшысы дегенмен тиісті сала мамандары мен мердігер компанияға жүктелген міндеттерге асқан жауапкершілікпен қарауды тапсырды.

– Қала тұрғындары бұл жұмыстарға түсіністікпен қарауы керек. Алдағы уақыттарда қала көшелері қазылып, құбырлар жүргізіледі. Әр үйдің алдынан жүргізілген газ құбырларынан жеке үйлердің иелері өз есептерінен газ кіргізетін болады. Оның құны жалпы шығынға байланысты орта есеппен 50-60 мың теңгенің көлемінде болуы тиіс. Бұған қоса мердігерлер мен жауапты мамандар газ құбыры жүргізілген аумақтан бірде-бір үй назардан тыс қалмырмауы тиіс, – дейді қала әкімі.

Жалпы, қала көлемінде 7 мың абонентті қамтитын газ құрылысының 1-кезеңіне қажетті 1 млрд 237 млн теңгенің қазіргі таңда 400 млн теңгесі қаралған. Осы қаржыға жалпы көлемі аталған аумақтағы 30-ға тарта көшеге табиғи газ құбыры тартылып, биыл 600-ге жуық үй табиғи отынмен қамтылатын болады.

Мердігер мекеме «СМУ Шымкентқазмонтаж» АҚ өкілдерінің айтуынша, газ құбырлары көше бойымен әрбір тұрғын үйдің алдынан жүргізіледі. Аталған мекеме мамандары үйге газ кіргізу қызметін көрсетуге әзірміз деп отыр.

Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі