Ащысайда мал қырылуда

601

Кентаудан 40 шақырым жердегі Ащысай ауылының тұрғындары дабыл қағуда. Мұндағы төрт түлік мал қырылуда. Себебі белгісіз. Тиісті мамандар малға аусыл тигенін жасыруы мүмкін дейді халық.

006

Соңғы 10 күннің ішінде мұнда белгісіз себептен 500-ге жуық бас мал қырылған. Жануарлар жерге жатып, содан әрі қарай тұрмаған күйі өліпті.

– Әр үйдің ауласында күн сайын мал өліп жатыр. Түсініксіз, – дейді Вадим Берестев, Ащысайдың тұрғыны. – Дер кезінде екпе салдырғанбыз. Өзіміздің малымыз болғандықтан еш нәрсені үнемдемей, жақсы бағамыз. Біздің күнкөрісіміз де осы мал.

Тұрғындар мал дәрігерлеріне бірнеше рет шағымданғандарын айтады. Дегенмен, тұщымды жауап ала алмапты. Бір апта бұрын мал дәрігерлері өлген малдың ішкі ағзаларынан сынама алған. Әлі нәтиже жоқ. Ал антибиотик салу жөніндегі тұрғындардың өтінішіне мал дәрігерлері мұндай күтпеген жағдайға бөлінген қаржы жоқ деп, мал иелерінің өздерінен ақша сұрап отыр.

– Бізде Беккари шұңқыры жоқ,-дейді шаруа Адам Мулидов. – Арам қатқан малды өзіміз көміп жатырмыз. Ал үлкен шұңқыр қазуға мал одан әрі қырылып қалады деген ырымнан қорқамыз. Жай ғана көме салған жерді залалсыздандыру керек емес пе?

Бұл мәселеге қатысты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары былай деп жауап қатты.

– Бізге күн сайын облыстың түрлі аудандарынан малдың өлгені жайлы бірнеше хабар келіп жатады,-дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы қуаныш Мырзатаев. – Бірақ, сол жерге мамандар барса, ол мәліметтер расталмай жатады. Кей жағдайда мал ыстықтан өліп жатады. Бұл – уақытша құбылыс, мал иелерінің сабыр сақтағаны дұрыс. Ал жаңағы малдың ішінен алынған сынамадан ешқандай қауіпті инфекция табылған жоқ. Ешқандай мал індеті жоқ деп ресми түрде жауап бере аламын.

Дегенмен, басқарма мамандары Ащысайдағы жағдаймен мұқият айналысамыз деп сендірді. Ол жаққа ветеринар инспекторы аттанып та кетті.