Астана күніне орай Шымкентте 12 нысан ашылды

465

Оңтүстік Қазақстан облысында «Астана күніне тарту – 75 нысан» акциясы Шымкент қаласында жалғасып, 12 әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді. Алдымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Оспанов Шымкент аграрлық колледжінің жаңадан бой көтерген оқу-өндірістік кешенінде болып, жаңа нысанды аралап көрді.

019

Бұл кешенде тамаша тәжірибе алаңдары қолданысқа берілді. Енді болашақ ауыл шаруашылығы саласының мамандары үшін бақша өсіруді, жылыжайлар мен бау баптауды және жиналған өнімдерді қоймаларда сақтауды, ветеринарлық клиникада ауырған малды емдеуді, бұзылған заманауи ауылшаруашылық техникаларын жөндеуді, бастысы – теориялық білімдерін тәжірибе алаңдарында нақты іс-тәжірибемен ұштастыруына тиісті жағдай жасалды.

020

Кешендегі оқу ғимараты, спорт залы сынды бірқатар нысандармен танысқан Б.Оспанов колледждің мәжіліс залында жиналған көпшілікті алдағы мерекемен құттықтап, Астана күні қарсаңында Шымкентте 12 нысан ашылып, пайдалануға берілгенін хабарлады.

Атап айтқанда олар – қала аумағында орналасқан 2 қосалқы энергостанса, 189 пәтерлі 3 тұрғын үй, 3 зауыт-фабрика, 1 балабақша, 3 оқу-өндірістік базасы. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкент қаласы келешекте үшінші агломерация санатына кірігуі тиіс.

018

Осыған орай шаһар аумағы 117 мың гектарға ұлғайып, төртінші Қаратау ауданы құрылды. Осы орайда қала тұрғындарын үздіксіз және сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында қуаты 35/10кВ «Бозарық» қосалқы энергостансасының құрылысы аяқталды.

Бұл кешен қаладағы Бозарық, Бозарық-1,2,3, Қайтпас-1, Асар шағынаудандары тұрғындарына қызмет көрсететін болады. Сонымен қатар осы күні қуаты 110/10/10кВ «Солтүстік» жабық қосалқы энергостансасы да іске қосылды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі