Мирастықтар жол сұрайды

261

Шымкенттегі Мирас шағынауданының тұрғындары қордаланып қалған мәселелерін телеарна тілшілеріне жеткізді. Өйткені жергілікті билік өкілдерінің тарапынан еш көмек жоқ дейді олар. Коммуналдық күрделіліктердің бәрін өз қалталарынан қаржы шығарып шешіп келген халық, ең болмаса, көшеге жөндеу жүргізіп берсе дейді.

012

Ажарлы көшесінің тұрғындары Мирас шағынауданында көшелер жөнделсін деп атқамінерлердің табалдырығын әбден тоздырыпты. Нәтижесінде Азаттық көшесімен қиылысатын шағын көшелерге өткелге дейін асфальт төселген. Алайда назын айтқандардың жолы қалып қойыпты.

Ерлан Әбілов, Ажарлы көшесінің тұрғыны: «Біз өзіміз қалтамыздан ақша шығырап. Жақында 14 мың теңгеге КамАЗ-бен тас төседік. Ол жайылып, жерге сіңіп кетті. Әне-міне жөндейміз дейді. Көршілерімізде тақтайдай жол, ал біздің жүрісіміз мынау.»

Қоныстанғандарына он жыл болған мирастықтар коммуналдық мәселелерді өзіміз шешіп келеміз дейді. Ортадан қаржы жинап, суды да, газды да жеткізіп алған. Ал күзге қарай көшеге тас төгеумен әлекпіз дейді. Арызданып жүріп қоғамдық көлікке де қол жеткізген халық № 22 бағыттағы автобус жауын-қарда күре жолдан айналып кетуді әдетке айналдырғаны бар деп ашынады.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Xc6e5AwU9n0[/youtube]

Махират Жамбаева, Ажарлы көшесінің тұрғыны: «Автобус соңғы аялдамаға бармастан «Айман» кафесінен бұрылып кететін. Жаз болған соң ба, әйтеуір, жүріп жатыр. Балабақша ашылғанда қуанып едік, оған да жаяу жүреміз. Қозғалыс интенсивті болғандықтан баланы да оқуға жалғыз жібере алмайсың. Мына келіннің 4 баласы бар. Салпылдап екеуін алып, екеуін шығарып салады.»

Еңбекші ауданы әкімдігінің мамандары Ажарлы көшесі тұрғындарының мәселесіне қанық. Алайда жол салу қала әкімдігінің құзырында, сондықтан құрылысқа қатысты ұсынысты тиісті бөлімге былтыр тапсырып та қойыпты.

Нұрлан Бектұрсынов, Еңбекші ауданы әкімдігінің инфроқұрылымды дамыту және көріктендіру бөлімінің меңгерушісі: «Ажарлы көшесін асфальттау бойынша ұсынымызды қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөліміне өткіздік. Жобалық-сметалық құжат әзірлеуге…»

Асылбек Баймұрзаев, Шымкент қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі бастығының орынбасары: «Мирас шағынауданындағы Ажарлы, Мәртөбе, Жаңбырлы көшелерімен бірге 12 көшеге жобалық-сметалық құжат әзірлеуге тапсырыс жасалған. Құны – 1 млрд теңге. Мәслихаттың қарауына ұсынылды. Қаржы бөлінсе, 2016-2017 жылдары жөнделеді.»

Маманның жауабына құлақ салсақ, мирастықтар биыл да, келер жылы да тегіс жолмен жүрмейтін көрінеді. Олай болса, он жыл шыдап келген тұрғындарға тағы да 3 жыл күтуге тура келіп тұр. Онда да қаржы бөлінсе…

Шынар Оразова