Оңтүстікте 470-ке жуық жүкті жасөспірім есепте тұрады

381

Оңтүстік Қазақстан облысында жасы кәмелетке толмаған 470-ке жуық жасөспірім қыз есепте тұр. Мамандар жүкті әйелдердің регистріне аяғы ауыр қыз-келіншектер 14 жастан бастап тіркелетінін айтып отыр. Тиісінше өңірімізде 12 жасар жүкті қыздар бар деген ақпаратты жоққа шығарды.

003

Облыстық мамандары жүкті жасөспірімдерді қайта санап шықты. Жүкті азаматшалар туралы мәліметтердің электронды қорындағы статистикаға сәйкес, жыл басынан бері облыста 467 аяғы ауыр жас қыз есепте тұрады. Олардың үшеуі – 14 жасар, 25-і – 15 жасар және 118 жеткіншектің жасы – 16-да. Дәрігерлер 12 жасар баланың ағзасы жүктілік пен тууға дайын емес деп сендіреді.

Үриляш Орманова, акушер-гинеколог: «12-13 жасар қыздар әлі жетілмеген. Физиологиялық тұрғыдан жүктілікке дайын емес. Біздің облыста мұндай жағдай жоқ. Статистика 14 жастан басталып, 18-ге дейінгі аралықты қамтиды. Соңғы 5 айда жасы кәмелетке толмағандар арасында 40-қа жуық сәби туу оқиғасы тіркелген.»

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары Қазақстан президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографилық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелерінің республикалық брифингте айтқан мәліметін жоққа шығарып отыр. Комиссия мүшесі Бексұлтан Тұтқышев Оңтүстікте 350-ге жуық жүкті жасөспірімнің барын, араларында 12 жасар қыздар да барын айтқан.

Айгүл Сапарғалиева, ОҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін уақытша атқарушы: «БАҚ беттерінде тарап кеткен бұл мәлімет – жаңсық. Оңтүстікте 12 жасар жүкті қыздар жоқ. Ондай жағдайдағы жеткіншектердің жасы 14 пен 18 аралығында. Арнайы порталда есепте тұрған жүкті жас қыздардың барлығы өз еркімен босануды қалайды. Кейбірі 16 жасқа толып, паспорт алған соң некелерін тіркеуі де мүмкін.»

Әзірше мамандардың ортақ шешімге келерін уақыт көрсетеді. Ал осы арада еліміздің қылмыстық кодекстіне бірқатар өзгерістер енгізілуі мүмкін. Оған сәйкс жасы кәмелетке толмаған балаларға қарсы жасалған жыныстық қылмыс үшін кесілер жаза қатаңдатылады.