Облыс және «Қазатомпром» басшылары келісімге келді

365

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиевпен кездесті. Қос тараптың жауапты өкілдері қатысқан жиында әкімдік пен ұлттық компания арасындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелері қаралды.

017

Ұлттық атом компаниясының жетекшісі Оңтүстікте орналасқан еншілес ұйымдарына жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулары айрықша екенін атап өтіп, алғысын жеткізді. Жергілікті мемлекеттік органдармен өзара байланысты нығайтып, өндіріс орындары ашылған өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру компанияның алға қойған стратегиялық міндеті екеніне назар аударды.

Осы орайда компания басшылары жергілікті мазмұнды дамыту бағытында облыс әкімдігімен қосымша келісім жасауға дайынбыз дейді. Одан бөлек өзінің құрамына енетін ұйымдардың басшылық өкілдіктерін өндірістік кешендері жұмыс жүргізетін аумақтарда ашуды көзделіп отырғаны айтылды.

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов компания басшылығымен өзара ынтымақтастықты жетілдіру бағытында толық түсіністік орнатылғанын атап өтіп, осы байланыстарды одан әрі нығайту мәселесіне жіті көңіл бөліп отырған компания басшылығына алғысын білдірді. Компания еншілес ұйымдары басшылық өкілдіктерінің облысымызда ашылуын толық құптайтынын атап өткен өңір басшысы бұл іс өз кезегінде өңіріміздің экономикасына оң септігін тигізетінін, жұмыс барысында анықтауды қажет ететін мәселелердің дер кезінде шешілуіне ықпал ететінін мәлімдеді.

Асқар Исабекұлының айтуынша. компанияның жергілікті мазмұнды дамыту бағытындағы бастамалары оң бағаланып, Созақ ауданында ашылған индустриалды аймақ атом өндірісіне қажетті өнімдер шығаруға бейімделген. Қазір мұнда үш жоба жүзеге асып жатыр.

Егер компания мүдделі болса, өзімізде шығарылатын өнімдер түрін одан әрі көбейтуге болады деді өңір басшысы. Жиын соңында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы» АҚ арасындағы ынтымақтастық меморандумына жергілікті мазмұнды дамыту жөнінде 4,6 млрд теңгелік қосымша келісімге қол қойылды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі