«Ордабасы» мен «Бейтардың» футболшылары баспасөз-мәслихатын өткізді

304

2 шілде күні Шымкенттегі Қажымұқан атындағы орталық стадионда халықаралық дәрежедегі матч өтеді. УЕФА Европа лигасы аясында жасыл алаңға жергілікті «Ордабасы» мен Израильдің «Бейтар» клубтарының футболшылары шығады.

008

Осы кездесу алдында қос команда мүшелері тілшілермен баспасөз-жиынын өткізді. Спортшылар мен журналистердің басқосуы «Риксос Хадиша Шымкент» қонақ үйінде өтті.

Алдымен сөзді қонақтар алды. «Кездесуде жеңу үшін барымызды саламыз» деген «Бейтардың» бас бапкері Слободан Драсич «Ордабасыға» қарсы ойынның оңай болмайтынын мойындады.

– «Ордабасы» – мықты қарсылас. Олар футбол маусымын өте ерте бастады, құрамындағы футболшылар тың. Ал біз өткен маусымды қараша айында аяқтадық. Сондықтан жаттығуа уақытымыз аз болды. Дегенмен, қолдан келгенді жасауға тырысамыз, -дейді Слободан Драсич.

Шымкенттік команданың бас бапкері де мұңайып отырған жоқ. Виктор Кумыков қарсыластың осал еместігін біледі. Европада аты-шулы болмаса да өте ұйымшыл әрі спортшылары шеберлік жағынан біркелкі деп отыр.

– «Бейтар» футболшылары техникалық әдістерді жақсы меңгерген, жақсы легионерлері бар. Жастық пен тәжірибе ұштасқан ұжым. Израилдің ең мықты клубтарының бірі, – дейді «Ордабасының» бас жаттықтырушысы Виктор Кумыков.

Еске сала кетейік, кездесу 2 шілде күні кешкі сағат 18:00-де Қажымұқан стадионында өтеді.