Шымкенттегі тәуелсіздік саябағы – үздік архитектуралық нысан

1061

Шымкенттегі Тәуелсіздік саябағы үздік архитектуралық нысан ретінде республикалық қоғамдық ұйымдар номинациясына лайықты деп танылды. Облыстың бас сәулетшісі Астанада осы ұсынысқа байланысты құжаттарды тапсыруда. Осылай деген өңірдегі сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Бақтыбай Дүйсебеков жыл басынан атқарған жұмыстармен таныстырды.

009

Оңтүстікте Түркістан, Кентау, Сарыағаш пен Арыстың, Шымкент қалаларының бас жоспары толық бекітіліп бітті. Соңғы 4 жыл ішінде оларға түзетулер енгізілген-тін. Ал Сайрам және Бәйдібек аудандарының орталықтарында бұл жұмыс жалғасып жатыр.

Елдімекендерді сол жоспарларға сай дамытып, адам саны 5000-ға дейінгі елдімекендердің сызбасын әзірлеу бойынша арнайы кесте жасалды дейді сәулетші. Басты проблема осы жұмысты жүйелеуде болып тұр, себебі бас жоспар талаптарын сақтауға құлықтылар аз. Аумағы кеңейген облыс орталығына қатысты сұрақтар аз емес. Оның бірі – «Нұртас», «Тұран» шағынаудандарындағы жер үйлердің болашағы.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=_FbeyqXMr5I[/youtube]

Бақтыбай Дүйсебеков, ОҚО сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары: «Үйлерді бірден алып тастау оңай емес. Ол тұста зерттеп, шешім қабылдаймыз. Мысалы, менің нақты айтарым, Бәйдібек би ескеркішінің екі жанынан көпқабатты үйлер салынады.»

Оңтүстікте кезінде заңсыз салынған нысандармен, «қызыл сызықтан» асқан құрылыспен күрес белсене жүргізілгенін көпшілік ұмыта қойған жоқ. Басқарма мамандары бүгінге дейін аудан-қалалардың аумағында 361 заңсыз салынған, қызыл сызықтан асып кеткен 255 нысанды анықтадық деп отыр. Ол жұмыстың жүйелілігін білдіреді деп сендірді бас сәулетшінің орынбасары.

Бақтыбай Дүйсебеков, ОҚО сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары: «Біз бұдан кейін (ондай құрылысты) салғызбаймыз. Бұған дейінгі салғандарды түбінде жоямыз. Мүмкін, оған әлі уақыт бар шығар, бірақ, енді салғызбаймыз.»

Облыс сәулетшілері дүйім жұртқа жария етіп, қолға аламыз деген жобалар аз емес-тін. Ал соңғы жылдары облыс әкімінің бастамасымен облыс орталығын көркейту, жаңа сәулеттік шешімдерді жүзеге асырудағы өзгерістерді көрмеген жан жоқ шығар. Осы ретте тілшілер 2008 жылы жария етілген бір жобаны еске салды. Ол – ескі қалашыққа Қонаев даңғылы арқылы шығатын жол мен сонда бой көтеретін көпқабатты үйлер еді.

Бақтыбай Дүйсебеков, ОҚО сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары: «Барлығы қаржыға тіреліп отыр.»

Ал биыл жасаулы тиіс деп бекітілген жаңа сәулеттік жобалар қатарында Сарыағаш, Шымкент қалаларындағы резиденцияның және Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументтің эскиздік нұсқалары бар екен. Сонымен бірге Қошқар ата өзенін абаттандырудың 2-кезеңінің жобасы дайын.

010

011

012

013

014

Осы арада айта кетерлігі, Шымкенттегі жаңа теміржол вокзалы қаланың солтүстігінде орналасады. Бас жоспар бойынша солай бекітілген. Бұл болашақта логистикалық орталықтың тиісті стандарттарға сай дамуына мүмкіндік береді дейді сәулетшілер. Себебі, Бозарық елдімекенінің аумағында орналасатын стратегиялық маңызы зор нысан әуежайға жақын болуы тиіс.

Зәуре Оралбаева