Аудан әкімі: «Отырарда шыбын-шіркейден қауіп жоқ»

244

Шөлейт аудан ағын суға қарқ болмақ. Отырар өлкесінде биыл 3 бірдей канал күрделі жөнделіп жатыр. Оған қазына қоржынынан 800 млн теңгеден астам қаражат бөлініпті. 6 айда атқарған жұмысын қорытындылаған аудан әкімі Салыхан Полатов Қызыл құм көпірін жөндеудегі тірліктерін баяндады.

007

Құмды өлкені құнарландыратын 3 каналдың күрделі жөндеуі қазір аяқталуға жақын. Бейбітшілік, Ебелек және Шәмші арналары ағын суға Көксарай контрретегіші арқылы толады. Бұл каналдар кәдеге асса, шөлейтті өлкенің 1700 гектар жері суармалы аумаққа айналмақ. Ауданда ағын судың да мәселесі шешілетін күн алыс емес. Әзірге тек 8 елдімекен ғана Омега қондырғысы арқылы тіршілік көзін тұтынып отыр екен. Әкімнің сөзіне сенсек, жуық арада жалпақ жұрт қара суға қарқ болмақ.

Жиында отырарлықтар әбден опық жеген шыбын-шіркей мәселесі де әңгіменің арқауына айналды. Әкімнің айтуынша, қазір ешқандай қауіп жоқ. Бұған дейін ұсақ жәндіктерден зәбір көріп, зардап шеккен жұрт қатерден құтылды деп сендіреді. 4 млн теңге бөліп, залалсыздандыру жұмысын жүргіздік деген басшы өлкеде жағдай тұрақты деп отыр.

Дегенмен, бұл тірлікпен тоқмейілсуге болмайды. Аудан әкімі кезінде шырғалаңға салған шыбын-шіркейлердің ахуалын тереңірек зерттеуді тапсырған. Өйткені шіліңгір шілденің беті қайтып, күн салқындаса, ұсақ жәндіктердің жаппай бас көтеруі әбден мүмкін. Сондықтан өлке басшысы, әсіресе, қазір жағдайды қатаң қадағалауда ұстап отырмыз дейді.

Аудан әкімі екінші қауіпті де қадағалауынан шығармай отырмын дейді. Жаңақорғандағы жаппай мал қырылуынан кейін қырағылықты күшейтіпті. Әсіресе, көрші орналасқан Балтакөл ауылында бақылау басым. Мал басын еселеп көбейттік деген өлке басшысы енді сол төрт түліктің санын сақтап қалуға барын салмақ.

Есепті тыңдаған тілшілер шенеуніктің өз қызметіне қатысты мәселені де көтерді. Бұған дейін аудан әкімі аппарат басшысымен бірге және екі бірдей бөлім жетекшісімен тәртіптік кеңесте тірлігі май шаммен қаралған болатын. Сөгісті ауылына арқалап қайтқан шекпенділер енді жұмысты ширатуға кірісіп кеттік деп отыр.

Мақсат Жақсыбаев