Полицейлерді балағаттаған келіншек сотталды

445

Түркістан қаласының соты полиция қызметкерін балағаттап, күш қолданған 27 жастағы келіншекке үкім шығарды. Бұл туралы ішкі істер департаментінің өкілдері хабарлайды.

Еске салар болсақ, Түркістан қаласында 24 маусым күні кешкі сағат 18:00 шамасында Тәуке хан даңғылының бойында қызмет еткен жол-патрульді полиция тобының қызметкерлері жол бойында «Аялдауға рұқсат жоқ» деген белгі бар жерде тұрған «Ауди» автокөлігін байқап қалады.

Тәртіп сақшылары «Ауди» автокөлігінің жүргізушісі, Түркістан қаласының 29 жастағы тұрғынынан құжаттарын көрсетуді сұрағанда ол жауап бермей, жол жүру куәлігі мен құжаттарын көрсетуден бас тартады. Сол кезде полицейлер оны әкімшілік хаттама толтыру үшін қызметтік автокөлікке отыруын талап етеді.

Кейін хаттама толтыру барысында полицейлерге жүргізушінің «Ауди» автокөлігінде отырған 27 жастағы жұбайы келіп, күйеуін жіберуін талап етеді. Жас әйел полицейлерді балағаттап, бір полицейдің погонын жұлып алып, оған жеңіл дене жарақаттарын салған. Сондай-ақ, әлгі әйелдің 25 жастағы інісі полицейлермен ерегісіп, оларға бағынбай, былапыт сөздермен балағаттаған.

Нәтижесінде мән-жайды анықтау үшін полицейлер құқықбұзушылық жасаған үшеуді де ұстап, Түркістан ҚІІБ-на жеткізді. Тексеру барысында әйел өзінің аяғы ауыр екенін, құрсағында 6 айлық бала бар екенін айтқан. Алайда тергеушілер медициналық анықтама сұрағанда, ол өзінің жалған ақпарат бергенін, жүкті емес екенін мойындайды.

Оның үстінен қылмыстық кодекстің үш бабы — 378 — «Билік өкілін балағаттау», 379 — «Билік өкіліне бағынбау» және 380 — «Билік өкіліне күш қолдану» жәйттері бойынша қылмыстық іс қозғалады. Енді, міне, 27 жастағы келіншекке Түркістан қаласының соты 1 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.