Сенат депутаты түркістандықтармен кездесті

323
Қазақстан Республикасы сенатының депутаты Әли Бектаев Түркістан тұрғындарымен кездесті. Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асырудағы «100 нақты қадам» ұлт жоспарының мәнісін тереңінен түсіндірген сенатор тұрғындардың талап-тілектерімен де таныс болды.
008
– Қазақстан осы қалпында тұра берсе де әзірге ешкімнен кем емес. Бірақ өмірдің заңы, мәңгілік ел мұраты жолында жеткен жетістіктерге тоқмейілсіп тоқтап тұруға болмайды. Сондықтан біз әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 мемлекеттің қатарына кіруге тиіспіз, – деп, «100 нақты қадам» аясында атқарылатын келелі істерді жалпы жұртқа ретімен баяндап берді халық қалаулысы.
Кездесуге келген қалалық, облыстық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен ардагерлер кеңесінің мүшелері және қала жастары өз тілектерін жеткізді. Соның ішінде өңірдегі табиғи газ мәселесі, шаруалардың етегінен тартқан егін су мәселесі, ұлттық бірыңғай тест нәтижесі бойынша орын алған жағдайлар да кездесу барысында әңгімеге арқау болды.
Айта кетерлігі, жиын соңында түркістандықтар Әли Бектаевтың Түркістан қаласына сіңірген еңбегін ескере отырып, «Құрметті азаматы» атағын беріп, қала әкімі Әліпбек Өсербаев халық қалаулысына арнайы төсбелгісін тақты.
007
Сонымен қатар Түркістандағы тәулігіне 5 тонна ет өңдеуге қауқарлы, шұжық өңдейтін соңғы үлгідегі кәсіпорын мен тәулігіне 10 тоннадан астам нан өнімдерін шығаратын цехтың жұмысымен танысқан сенатор отандық өндірісті өркендету барысында сапаға мән беру керегін жеткізді.
Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі