Шымкент пен Шардара арасында ұшақ қатынайды

627

Бүгінгі таңда Шардарада туризм аймағын салу үшін ілкімді жұмыстар қолға алынып жатыр. Сонымен қатар қаладағы ескі әуежайды қалпына келтіру жоспары да біраздан бері көтеріліп келе жатқан. Бұл екі нысан да облыс әкімінің тікелей бақылауында тұрған мәселе.

Шардараға жасаған іс-сапары кезінде облыс әкімі Асқар Мырзахметов әуежай алаңына ат басын арнайы бұрlы. Ұзындығы 1625 метр, бетондалған ауданының көлемі 75000 шаршы метрді құрайтын аэропорт кешенінде көп жылдардан бері тыныштық орнаған. Басқарма басшыларымен қаржы мәселесін ақылдасқан Асқар Исабекұлы әуежайды қайта қалпына келтіру жұмыстарын тез арада бастау үшін тапсырма берді. Дәлірек айтатын болсақ, бір ай көлемінде жұмысшы тобы құрылып, жөндеу жұмыстары басталмақ.

001

Нұрлан Алдамжаров, облыстық энергетика, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы: «Жұмысшы тобын құру жөнінде облыс әкімі шешім шығарды. Әуежайды қайта құрылымдау жұмысы бір ай көлемінде басталып, екі айдың ішінде аяқталуы тиіс. Бұл шаруаға 200 млн теңге жұмсалмақ. Жөндеу жұмыстары «Оңтүстік СПК» арқылы жүргізіледі. Алла жазса екі айдан кейін Шардараның әуежайы алғашқы ұшақтарын қабылдайтын болады деп жоспарлап отырмыз».

Аудан әкімінің орынбасары Тұрсынқұл Байтұрғановтың айтуынша, бастапқы уақытта Шардара әуежайынан Шымкент бағытына ұшақтар ұшырылады. Ал келешекте Алматы мен Астана бағыттарына рейстер жолға қойылмақ.

-Туризмді дамыту үшін әуежайды іске қосудың маңызы өте зор. Облыс орталығы мен басқа да қалаларда тұратын азаматтар біздің шалқар көлімізге демалу үшін әуе көлігімен әп-сәтте ұшып келе алатын болады. Ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына әруақытта да қолдау көрсетіп отыратын Асқар Исабекұлының бұл қамқорлығына шардаралықтардың алғыстары шексіз, – дейді Т.Байтұрғанов.

Шардара аудан әкімінің баспасөз хатшысы