Шымкентте мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы автотұрақ пайда болды

571

Шымкентте көлігі бар мүмкіндігі шектеулі жүргізушілер үшін арнайы автотұрақтар пайдалануға берілді. Қазір шаһарда көше бойынан орын тепкен 20 тұрақ мүгедектерге қалтқысыз қызмет етуге дайын. Бұл орындарға тек солар ғана көлігін қоюға құқылы.

Ал өзге азаматтар осы тұрақты пайдаланса, заңды бұзған болып есептеледі. Бұдан бөлек Қайтпасқа және Қайнар бұлаққа қатынайтын жерлестеріміздің көптен бергі көңілін күпті еткен мәселесі шешілді.

005

Бәйдібек би даңғылы мен Көшеров көшелерінің қиылысына жаңа бағдаршам орнатылды. Сырым батыр көшесінің соңында да осындай өзгеріс бар. Бұл бағдаршамдардың әрқайсының бағасы 17 млн тенгені құрайды.

Қала қазынасынан бөлінген айтарлықтай қаражатқа орнатылған жаңалықты тұрғындар көздің қарашығындай сақтаған абзыл. Қала әкімдігінің мамандары өткен жылы 15 бағдаршам орнаттық дейді. Жалпы, шаһар көшелерінде бүгінде 163 бағдаршам бар. Жуық арада қалаға қосылған Сайрам тұрғын алабына да бір бағдаршам орнатылмақ.

Наурыз Сүгірәлиев, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі: «Бүгінгі таңда Шымкенте 12 ескі бағдаршам қалды. Соның екеуі – Сайрам елдімекенінде. Алдағы жылы қаражат болса, ескісі алмастырылады. Біз ұсыныс беріп қойдық.»

Бұдан бөлек қалада жасанды кедергілердің 30 метрден астамы жаңартылған. Бұл жұмыс жаяу жүргіншілерге арналған жолақтарын сызу үшін бөлінген 60 млн тенгенің есебінен іске асқанын мамандар ескермей қалмады. Тағы бір жаңалық – осы қаржыға қала көшелерінде мүмкіндігі шектеулі жандарға көліктерін қоюға арналған 20 тұрақ орындары дайындалыпты.

Дегенмен, арнайы орнатылған белгіге қарамастан мүгедектер үшін қаралған орындарды иемденуге асыққандар әлі де жетерлік. Жол-патрульдік полициясы заң бұзушыларға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салады. Өкінішке қарай, полицейлер бұл бағытта жұмыс жасамайды дейді сала мамандары. Алдын ала ескертілсе, талапты барлығы да білер еді.

Наурыз Сүгірәлиев, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі: «Бұл жұмыстар мүгедектерге қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында жасалды. Зерделеу жұмыстарын жасап, мүмкіндігі шектеулі жандардың көп шоғырланатын жерлерін анықтадық. Бұрын автотұрақ болған жерлерге белгілерді қойдық.»

Сөйтіп, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары жол полицейлеріне кезекті рет хат жолдады. Алдағы күндері рейдке де шығады.