Арыстағы шөп өртеу оқиғасының соңы шым-шытырыққа ұласты

495

7878Арыс ауданындағы өрт оқиғалары шым-шытырық жағдайларға ұласып жатыр. Арнамызға арыздана келген жергілікті тұрғын балаларының күдікті ретінде жауапқа тартылып жатқанына наразы. Айтуынша, тәртіп сақшылары кінәсін мойындату үшін ұсталғандарға күш қолданып, қорлық көрсетпек болған.

Монтайтас елдімекеніне нәпақа табу үшін адыраспан теруге барған бұл азаматтар полицейлердің көзіне түскен. Сезіктілердің бірі – 17, екіншісі – 18 жаста. Тәртіп сақшыларынан қысым көрдік деп шағымданған әке өзінің де күдікке ілінгеніне де ашынады.

Сезіктілер жауапқа тартылу кезінде тәртіп сақшыларының күш көрсетіп, қорлауға дейін барғанын айтады. Олар құзырлылардың кінәны мойындату үшін түрлі айла-әрекеттер жасағанын да жайып салды.
Ал осы ауылдың жергілікті тұрғыны Сәуле Күдішева сезіктілерді жауапқа тарту кезінде куәгер ретінде қатысыпты. Ол полицейлердің алдында өрт оқиғасы кезінде дәл осы екі сезіктіні көргенін айтқан. Алайда, куәгер болған келіншек көпшілік алдында тек шырамыттым, деп құтылмақ болды.
Арыс аудандық ішкі істер бөліміндегілер сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр,- дейді. Осыған дейін 300 ден аса куәгер тыңдалыпты. Алайда, тәртіп сақшылары әлі күнге нақты күдіктінің жоқтығын қадап айтты. Ал сезікті ретінде ұсталған азаматтардың өтініші бойынша сараптау жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, Монтайтас елдімекенінде бас аяғы бір ай ішінде 17 үйдің мал азығы жинаулы тұрған қора-қопсысы қызыл жалынға оранған. Бірнеше құрылым өкілдері біріксе де әлі күнге әккі бұзақы құрықталмай отыр.