Шымкенттегі хостелге алғашқы туристер келді

407

Шымкентте бағасы қалтаға қолайлы шағын қонақ үй ашылды. Заман талабына сай, толық жабдықталған хостел шетелдің туристері үшін қолайлы. Ішіне жатын орын мен таңғы ас кіретін баға – бір тәулігіне 10 доллар. Идея авторлары шымкенттік жас жігіттер Швейцария, Франция және басқа да Европа елдерін аралап, хостелдерді ашудың тиімділігін байқаған.

Медеу Ділдабаев, идея авторы: «Туристер әр түрлі болып келеді. Қалталы туристер және арқасында сөмке арқалап жүретін туристер. Шетелде ең жоғары көрсеткіш – осы тиімді бағаны құп көретіндер. Соны көріп, осындай шешім қабылдадым. Бұл идея ойымда 2 жылдан бері жүр. Міне, осылайша, қазіргі таңда қаламызда тұңғыш хостелды ашып отырмыз.»

Таулы аймақтары бірегей, табиғаты көркем, тарихи орындарымен ерекшеленетін өңіріміздің мәдениетін біліп, тарихына қаныққысы келетіндер көп. Туристерге осы бағытта көмек беруді көздеген Медеу мен Илияс есімді жерлестеріміздің серіктесі – канадалық Жанетта Морин. Жанетта 5 жыл бойы Мирас университетінде оқытушы болып қызмет етті. Жастармен жұмыс жасаудың қыр-сырына қанық. Сондықтан осы істі дөңгелетуге студенттер мен еріктілерді үйрету жоспарында бар. Үш тілді білетін француз ханымы хостелдің жұмысы Шымкентте жанданатынына сенімді.

Хостел

Жанетта Морин: «Шымкентте туристер өте көп. Себебі Оңтүстік Қазақстан облысы табиғи бірегей орындарға өте бай. Мен Түркістан, Біркөлік, Сайрам, Қазығұрт және тағы да басқа жерлерді аралағанмын. Ал мен сияқты келіп, осы ғажап табиғатты көрем деушілер жеткілікті. Біздің бастама барлық туристерге қолайлы болады деген үміттеміз.»

Шетелдерде хостел немесе шағын отельдер желісі барынша дамыған, жүйелі жұмыс жасайды. Эконом санаттағы қонақ үйлер «Хостел» деген атаумен алғаш рет ХХ ғасырдың басында пайда болған екен. Ең бірінші хостелді Германияның неміс мұғалімі 1909 жылы ашқан. Ол үнемі арзан қонақ үй іздеуден қиындық көргендіктен, осы жобаны іске асырыпты. Ал хостелдің отельден басты ерекшелігі – бағасының арзанында. Және хостел меймандары әр түрлі елден, түрлі аймақ, облыстардан келгендігіне қарамастан, бір бөлмені уақытша тұрақ етіп, бір-бірімен жіті араласып кете алады.

Медеу Ділдабаев, идея авторы: «Бірінші қойып отырған ұстанымымыз – Оңтүстік Қазақстан облысында туризм саласын дамыту. Оған қолдан келген үлесімізді қосу. Туризм мамандығында оқып жатқан жастарды осында тартып, теориялық білімін, практика жүзінде шыңдауға көмектесу де жоспарда бар.»

Бұл бастама өңіріміздегі туризм саласын дамытуда үлкен септігін тигизеді. Сол себепті аталмыш жобаны облыстық кәсіпкерлік және туризмді дамыту басқармасы қолдап отыр.

Дана Тұрғынова