Қала әкімі: «Шымкентте салық түгел жиналмайды»

403

Шымкент қаласы бюджетінің кірісін құрайтын алым-салықтар түгел жиналмайды. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мәлімдеді. Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өңір кәсіпкерлерімен өткен кездесуде қала басшысы мұның объективті және субъективті себептері бар екенін айтты.

Әкімнің сөзінше, жұртшылық түрлі міндетті салықтарын төлегісі келмейді. Бұған қоса кейбір компаниялар қызметкерді жұмысқа алып, оған минималды жалақы белгілейді. Үстіндегі ақыны «конверт арқылы», яғни, жасырын түрде береді.

Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі: «Қарағанды мен Шымкент қалаларын салыстырып қарасақ, Қарағандыдағы кәсіпорындарда 168 мың адам, ал Шымкентте 165 мың адам жұмыс істейді. Бірақ, табыс салығы мен әлеуметтік салықтан түсетін кіріс Қарағандыда 30 млрд теңге болса, Шымкентте 24 млрд теңгені құрайды. Бізде жұмыс істейтіндердің саны артық болғанымен, бюджет кірісі төмен. Бұдан шығатын қорытынды, бізде жалақы көлемі расымен де төмен не жалақының бір бөлігі әдейі азайтылып көрсетіледі, екінші бөлігі мүлдем көрсетілмейді.»

Бюджет кірісінің төмен болуының тағы бір себебі бар болып шықты. Ол – мүлік салығының дұрыс төленбеуі. Яғни, мүліктің шынайы бағасы дұрыс есептелмейді. Осыған қатысты нақты фактілер тіркелген.

Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі: «Шымкенттегі жылдымайтын мүліктердің құнын қайта бағалау кезінде оның бағасы көрсетілген бағадан екі-үш есе қымбат екені анықталды. Қаламыздағы тойханаларды қайта бағаладық. Атауларын атамай-ақ қояйын. Бір тойхана 75 млн теңге деп бағаланған. Қайта бағалаудан кейін оның құны 144 млн теңгеге көтерілді. Ал енді бір тойхана 15 млн теңгеге бағаланса, қайта бағалаудан кейін 36 млн теңгеге шықты.»

Әкімнің сөзінше, түптеп келгенде мұның бәрі салықтан түсетін кіріс көлеміне әсер етеді.