Қазығұрт халқы табиғи газбен 2018 жылы толық қамтылады

570

Қазығұрт ауданына қарасты 64 ауыл 2018 жылы көгілдір отынмен толықтай қамтылады. Бүгінде тек 13 елдімекен ғана табиғи отынға қол жеткізген. Биыл 31 ауылды сол санатқа қосу үшін қыруар жұмыс атқарылыпты.

Қазығұрт асуы«ҚазТрансГаз» АҚ мен келісім жасалып, нысандардың құжаттары түгенделген. Ал ауданды ауызсумен қамту да біраз уақытты талап етеді. Биылдың өзінде 19 ауылдық округте жер асты су қорларын барлау жұмыстарын жүргіздік деген аудан әкімі Болатбек Қыстауов 64 ауылдың 42-сі тәулік бойы тіршілік нәрін ішіп отыр деп есеп берді.

Болатбек Қыстауов, Қазығұрт ауданының әкімі: «Аудандағы 64 елдімекеннің 42-сі ауызсу жүйесімен қамтылған. Оның ішінде 16 ауылдың халқы 24 сағат бойы ауызсу ішеді. Қалған 26 ауылда су қорының жетіспеуінен 24 сағат бойы су беруге мүмкіндік болмай отыр. Бірінші кезекте су құбыры жоқ 19 елдімекеннің, екінші кезекте қолданыстағы су құбырларын қайта құруды қажет етеді. 11 ауылда жер асты су қоры бекітілуі тиіс».

Сондай-ақ, ауданға қатынас та жақсарып келеді. Яғни, жол жөндеу жұмыстары республикалық, облыстық және аудандық бюджет есебінен жөнделіп жатыр. Ал ауыл ішіндегі көшелерге шағыл тас төселіп, бірқатарына асфальт салынған.