Көршілерінің қорасын өртеген қаскөй қолға түсті

279
Өрт салған күдікті

Оңтүстік Қазақстанда 30-ға жуық үйдің мал қорасын шөбімен бірге өртеп жіберген қаскөй қолға түсті. Арыс ауданына қарасты Монтайтас ауылының тұрғындары қыркүйектен бері тілсіз жаудан миллиондаған шығынға ұшыраған.

Сөйтсе, көршілерін өртеп жүрген сол ауылдың тұрғыны екен. Үйдегі жанжалдан кейін ішкілікке салынған ол келіншегіне кеткен кегін ауылдастарынан алыпты. Тіпті күдік тудырмас үшін өзінің де қорасын өртеуге дейін барған.

Әлімқұловтардың шөбі 2 ай ішінде бір емес, үш рет өртенген. Қорасын қайта-қайта жалмаған тілсіз жаудан зәрезап болған олар содан кейін онсыз да азын-аулақ малдың жартысын сатып жіберіпті. Себебі, төрт түлікті қыстан түгел аман алып шығуға енді шама жоқ.

Татьяна Әлімқұлова, Монтайтас ауылының тұрғыны: «Сол 5-6 мал қалды. Бір сиыр бұзауымен қалды. Әйтеуір бір нәрсе қыламыз, кебек береміз ба, ұн береміз ба, әйтеуір, бір нәрсе қып асыраймыз қыста. Өзіміз жейтін тамақты береміз ба, әйтеуір, күн көреміз.»

Өртенген қора

Қыркүйектен бері Монтайтастың шетінде орналасқан 50 үйдің жартысынан көбі тілсіз жаудан зардап шеккен. Бәрінде бір сценарий – түн ішінде шөбі лапылдап, қорасы мен сарайынан көз алдында айрылып отырған.

Алшагүл Сарыбаева, Монтайтас ауылының тұрғыны: «Екі қабатты қора-тұғын. Ішінде барлық шөбіміз, отынымыз, көміріміз, бар жиған-тергеніміз осының ішінде болатын. Түгел жанып кетті.»

Сөйтсе, қыркүйектен бері тұрғындардың үрейін алған қаскөй өздерінің көршісі болып шықты. Екі айдан бері ауылды күзеткен полицейлер екі күн бұрын Абай есімді тұрғынды қолға түсіріпті.

Өрт салған күдікті

36 жастағы жігіт тек өзіне жақын орналасқан көршілеріне ғана от қойып отырған. Тіпті өзіне күдік түсірмес үшін өзінің қорасындағы шөбін де өртеп жіберіпті.

Қазір қаскөйдің үйінде кәрі шешесі ғана қалған. Баласының бұл әрекетін ол түсіндіре алмады. Ал тергеу абақтысында отырған Абайдың өзі полицейлерге қылмысқа не үшін барғанын жайып салды.

Нұрлан Исабеков, Арыс аудандық ІІБ басшысы: «Соңғы уақытта ішкілікке салынып, өзінің айтуынша, күйзелісте жүрген. Оның қазір психикалық жағдайы тексерілуге сараптама тағайындалған. Енді семьялық жағдайы болуы мүмкін. Әйелімен ажырасып, кейінгі кезде күйзелісте болған.»

Қазір қамауда отырған күдіктіге өзгенің мүлкіне шығын келтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тек оның миллиондарға бағаланып отырған шығынды қайтарып беруі енді екіталай.

КТК материалдары бойынша