Оңтүстік шаруалары 9 айда 250 млрд теңгенің өнімін өндірді

236
«Алтын күз-2015»

Оңтүстік Қазақстанда ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне арналған «Алтын күз-2015» дәстүрлі мерекесі аталып өтті. Мерекелік шараға қатысқан облыс әкімі Б.Атамқұлов барша ауыл шаруашылығы саласының мамандары мен дихандарды құттықтап, аграрлық саланың дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарды марапаттады.

«Алтын күз-2015»

Осы тұста өңіріміздің ауыл шаруашылығының статистикасы туралы бірер сөз қозғай кетсек. Обылс аумағында биыл 772,5 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Ал 9 айдың қорытындысы бойынша жалпы өнім көлемі 247,3 млрд теңгені құрап отыр.

Бұл – өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20,2 млрд теңгеге арты. Жыл соңына дейін жалпы өнім көлемі 350 млрд теңгеге жетеді дейді жауаптылар.

Өңір басшысы өз сөзінде аймақтың ауыл шаруашылығы саласын жоғары деңгейде дамыту үшін келесі бес жылдықта жаңа саясатқа көшуді ұсынды.

− Ең алдымен, өңірдегі суармалы жердің жағдайын жақсартып, жаңа суармалы алқапты айналымға қосамыз. Екіншіден, фермерлерге төмен пайызбен берілетін несиелердің көлемі арттыру керек. Сонымен қатар облыс көлемінде машина-тракторлық станциялар (МТС) ашу қажет. Фермерлерге ғылыми-консультациялық қызмет көрсететін орталықтар құрамыз. Және әр ауданның ауыл шаруашылығындағы бағыттары айқындалып, 2020 жылға дейінгі нақты индикаторлар бекітілмек, −деді Б.Атамқұлов.

Бүгінгі таңда тамшылатып суару теxнологиясы 43 мың гектарға енгізіліп, бұл республикалық көрсеткіштің 72 пайызын құрады. Ал жылыжайлардың жалпы ауданы 1 млн 20 мың гектарға, республикалық көрсеткіштің 87 пайызын құрап отыр.

Осы жылыжайларда 150 мың тонна көкөніс өсірілді. Ал жеміс-көкөніс сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 220 мың тонна болса, бұл еліміздегі қоймалардың 5/1 бөлігін құрап отыр.

Сонымен қатар облыста ірі қара малдың саны 859 мыңға, қой мен ешкі – 4 млн 111 мыңға, жылқы – 224 мың, түйе 23,4 мың басқа жетсек, құс саны 2 млн 460 мың болып отыр. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде жыл басынан бері 143 мың тонна ет өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға артты.

Ал сүт өнімі 554 мың тоннаға жетіп, 224,4 млн дана жұмыртқа өндірілді. Осы ауыл шаруашылығы бағытында аймақта жыл басынан бері 3397 жоба іске асырылды.

Мерекеде үздік ауыл шаруашылығы еңбеккерлері мен аудан, қалалардағы кәсіпкерлер және БАҚ өкілдеріне жалпы саны 63 сертификат пен 15 алғыс хат табысталды. Сондай-ақ, Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігінің төс белгісімен Мақтаарал, Сарыағаш аудандарының шаруа қожалықтарының өкілдері марапатталды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі