Оңтүстіктің үкіметтік емес ұйым өкілдері бас қосты

464
"Береке" қоғамдық бірлестігі

Үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік және де өзге органдармен серіктестік негізінде жұмыс атқаруы тиіс. Осы мақсатта «Береке» қоғамдық бірлестігінің жұмысы үлгі тұтарлық. Белсенділер Оңтүстік өңіріндегі қоғамдық ұйымдар мен қорлардың өкілдерін Шымкентте жинап, семинар-тренинг ұйымдастырды. «Медиа дағдыларды дамыту» тақырыбында өткен іс-шараға облыс аудандарынан 20-дан астам қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

"Береке" қоғамдық бірлестігі
«Береке» қоғамдық бірлестігі

Тренинг барысында айтылған жайт – аудандардағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы жайлы көпшілік біле бермейді. Мұның себебі – қоғамдық бірлестіктердің көпшілігі атқарып жатқан жұмыстары және өткізетін іс-шараларын жарнамалай алмайды. Осындай олқылықтардың алдын алу үшін ұйым өкілдері жергілікті БАҚ өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста болуы тиіс. Тренинг бағдарламасы аясында қоғамдық ұйымның жұмысы жайлы баспасөз-релизін дайындау жолдары жіті түсіндірілді. Топ-топқа бөлінген үкіметтік емес ұйым өкілдеріне тапсырма да берілді.

Баспасөз-релизін жазуға тапсырма алғандарға оның барлық талаптарға сәйкес болуы жөнінде теория жүзінде түсіндірілді. Тәжірибе барысында тренингке қатысушылар тақырыпты ашу, ұйымдастырылатын шара жөнінде толық мәлімет беру дағдыларын үйренді. Араларында Сарыағаштағы «Аяулы алақан» және «Кереге» қоғамдық ұйымдарының белсенділері де бар.

Айман Қалымбет, Сарыағаш ауданындағы «Аяулы алақан» қоғамдық ұйымының өкілі: » Біз 2016 жылы мүмкіндігі шектеулі балалар үшін сауықтыру орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Денсаулығында ақауы бар балалардың денесін шынықтыру мақсатында бассейнде жаттығулар жасалады. Оны білікті мамандар жүргізеді. Ұйым мүмкіндігі шектеулі балалардың өмірге бейімделуіне қолдау көрсетеді.»

«Береке» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған семинар-тренинг барысында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарына сұқбат беру, баспасөз-мәслихаттарын өткізу, әлеуметтік желімен жұмыс жүргізуді үйренді. Сондай-ақ, ұйымның жұмысын жандандыруға арналған жобаларды құжаттандыру жолдары да пысықталды.

Семинар қатысушылар «Бұқаралық ақпарат құралдарымен достасу не үшін қажет?» деген сұраққа жауап іздеді. Оның жауабы – танымдылық, аудиторияның кеңеюі, сарапшының беделі, сенімділіктің артуы дейді ұйымдастырушылар.

БАҚ түрлеріне тоқталсақ, олар баспа және электронды БАҚ болып бөлінеді. Баспаға газеттер мен журналдарды жатқызсақ, электрондық БАҚ теледидар, радио, интернет-порталдарынан құралады. Бұған қоса тренингке қатысушылар ұйымның жұмысын жарнамалауда әлеуметтік желінің де тигізер көмегі зор екенін түсінді.

Роза Абдуллаева, «Береке» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры: «Береке – ынтымақ арқылы» бағдарламасы «Береке» және «Экоцентр» қоғамдық бірлестіктерінің серіктестігі негізінде, халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігінің (USAID) қаржылай қолдауымен жүзеге асырылады. Жоба 2015 жылдың шілде айында бастауын алып, 2018 жылына дейін жалғасады. Бағдарлама аясында «Үкіметтік емес ұйымдарда медиа дағдыларды дамыту», «Гендерлік теңдік және адам құқығы» сияқты қоғамдық ұйымның жұмысын жандандыратын семинар-тренингтер ұйымдастырылады. Сонымен қатар бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері өздерінің заңды тұлға екендерін, осы тұрғыда құқықтарын, міндеттерін біле бермейді. Мәселен, есеп-қисап жүргізу, атқарылған жұмыстарға есеп беру, өз қызметтері жайлы халықты ақпараттандыру жағы әлі де ақсап тұр. Бұл күрделіктер, әсіресе, аудандардағы қоғамдық ұйым мен қорларда көп кездеседі. Біз бағдарлама шеңберінде оларға жұмыстарына қатысты барлық мағлұматты, қолданатын тәжірибелерді беріп, пайдалануды үйретеміз. Бүгінде Оңтүстік өңіріндегі қоғамдық ұйымдардың өкілдері өте белсенді. Оларға тек бағыт-бағдар беру керек.»

"Береке" қоғамдық бірлестігі
«Береке» қоғамдық бірлестігі

Екі күндік тренингтің соңында қатысушыларға сертификаттар табыс етіледі. Ең бастысы, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері енді түрлі қаржы институттары және ұйымдар ұйымдастыратын жобаларға қатысып, грант ұтып алуға мүмкіндіктері бар. Қаржы қоғамдық бірлестіктердің жұмысын әрі қарай дамытуға серпін беретіні анық. Оған қол жеткізу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланып білек сыбана жұмысқа кірісу қажет.