2016 жылы Шымкентте 18 мектеп, 7 балабақша салу жоспарлаған

463
Мектеп құрылысы

Қалалық білім бөлімі 2017-2018 жылдары Шымкентте салынатын әлеуметтік нысандардың құжаттарын уақыт оздырмай даярлауы тиіс. Қала әкімі бұл тапсырманы әкімдіктің кеңейтілген алқа жиынында нақтылады. Бүгінде 2016 жылы салынатын білім мекемелеріне жер телімдерін табу оңай болмай тұр. Бұдан бөлек жергілікті билік халық арасында мүлікті жария ету мәселесін жіті түсіндіруі керегі айтылды.

Мектеп құрылысы2014 жылдың қыркүйек айында басталған мүлікті жария ету науқанының мерзімі тағы бір жылға ұзартылды. Тұрғындар өз мүліктерін 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін жария етуге мүмкіндік алды. Рақымшылыққа берілген осы уақыт аралығында Шымкентте 892 тұрғын үй, 13 тұрғын емес нысан, 71 коммерциялық нысан жарияланыпты. Оның құны 12 млрд теңгені құрап отыр дейді жауаптылар.

Қала әкімдігінің алқа мәжілісінде Шымкентте алдағы жылы салынатын білім мекемелері және оларды орналастыратын жер телімі де сөз болды. Ғабидолла Әбдірахымов бұл заңдастыруды тездетіп шешуді тапсырды. Қалалық білім бөлімі Шымкент аумағында 2016 жылы 18 мектеп, 7 балабақша салуды жоспарлаған. Бірақ сол нысандар орналасатын жер мәселесі күрделі. Бұған дейін де осындай проблема талай рет туындаған. 2 балабақша мен 3 мектептің құрылысын бастайтын жер телімдері әлі нақтыланбапты.

Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімі жыл соңына дейін осы нысандар үшін жер телімдерін анықтауы тиіс. Жауаптылар мемлекеттік акт құжаттарын заңдастыруға уәдесін берді.

Нұрлан Жаңабай