Абайдың «Айттым, сәлем, Қаламқасы» Мәскеуде шырқалды

520

Халықаралық байқауда тұңғыш рет Қазақ романсы орындалды. Биыл 19-рет Мәскеуде өткен әлем романстары сайысында ұлы ақын Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» шығармасы шырқалды.

Сахна төрінде қатысушылар Денис Болдов пен Севастьян Мартынюк бұл қадамдары қаламгердің 170 жылдығы құрметіне арнағанын айтып отыр. Қуантарлығы – әлемнің 15 елінен, Ресейдің 62 қаласынан қатысқан сайыста жеңімпаздарға жүлдені облыстық мәдениет басқармасының басшысы Күлия Айдарбекова тапсырды.

Ғашық жігіттің көңілі, ондағы сезімнің сұлулығы, жолдаған ыстық сәлемі бұл жолы Қазақ жерінде хат арқылы емес, Мәскеудің төрінде тыңдарманға ән арқылы ұсынылды. Алып шаһардың үлкен залына жиналған халық бір сәтке ақын Абайдың жанына, шығармашылығына үңіліп, түсінуге мүмкіндік алды.

Жиналғандардың өнерпаздарға риясыз құрмет-ықыласын білдіргенін байқадық. Халықаралық байқауда Мәскеу мемлекеттік балалар музыкалық театрының солисі Денис Болдов пен Красноярск өлкесінен қатысқан Севастьян Мартынюк үлкен сеніммен үкілеп қосты.

Денис Болдов
Денис Болдов

Халықаралық жас романс орындаушыларының байқауы биыл Мәскеуде 19-рет ұйымдастырылды. Оған әлемнің 15 елінен, Ресейдің 62 қаласынан 438 вокал орындаушылары жолдама алған. Айтулы өнер байқауында Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері, еңбек сіңірген әртісі Галина Преображенская Қазақ романсына деген құрметін жеткізді.

Галина Преображенская: «Қазақстанда, оның ішінде Оңтүстік өңірінде романс өнері қанат жайған. Биыл онда 18-рет «Қазақ романсиадасы» аймақтық ашық байқауы өтті. Сайысты мен Қазақстан және Орта Азия аймағы республикаларындағы беделді бірегей жоба ретінде танимын. Алғаш рет қазақ романсын, оның орындаушыларын сол сайыста тыңдадым! Өнердің шыңын мойындадым! Енді текті елдің шығармаларын шетелдіктер де орындап, дәріптелуі заңды.»

21 жастағы студет Севастьян Мартынюк
21 жастағы студет Севастьян Мартынюк

Ақтық сында қазақ қаламгері Абайдың осыдан 26 жыл бұрын жазған ғұмырлы жырына жан бітірген байқау қатысушылары назардан тыс қалмады. «Айттым сәлем, қаламқас» деп Мәскеудің төрін әнмен тербеген 25 жастағы үмікер Денис Болдов 3-орынды, ал Красноярск өлкесінен қатысқан 21 жастағы студет Севастьян Мартынюк 1-орынды жеңіп алды. Жүлдені табыстау мәртебесі біздің өңірдің өкілдеріне бұйырды. Жеңімпаздарға облысымыздың әкімі Бейбіт Атамқұловтың да арнайы қаржылай сый-тартуы табыс етілді.

Күлия Айдарбекова
Күлия Айдарбекова

Күлия Айдарбекова, ОҚО мәдениет басқармасының басшысы: «Әлемді сұлулық құтқарады! Ұлылар бізге осылай деп өсиет қалдырды. Бүгін ақын Абайдың сұлу, өміршең жырларын айтып, оның мерейін үстем еткен өнер иелеріне айтар алғысым шексіз! Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі, өңір басшысы қазақ романсына қолдау көрсету үшін әр жылы күнгейде «Қазақ романсиадасы» байқауын қолға алған. Сіздерді бірегей таланттарды танып, шын жүйрікті сүзіп көретін бекзат өнер сайысына қатысуға шақырамын.»

Айта өтейік, осынау әлем романстары байқауының ұйымдастыру алқасы енді Абайдың «Айттым сәлем, қаламқас» шығармасын сайыстың алтын-қорына енгізуді ұйғарды.