Ауған соғысының ардагерлері қаруластарын еске алды

595
Ауған соғысының ардагерлері

25-желтоқсан — Кеңес әскерінің ауған жеріне енгізілген күні. Осыған орай облыстағы ауған соғысының ардагерлері қаза болған қаруластарын еске алып,  жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Ауған соғысының ардагерлері

Қазақ тарихындағы көп майданның бірегейі- ауған соғысы. Бұл қанды қырғын әлі күнге тарих тарамдарынан өзінің тиісті бағасын ала алмай жүр. Ауған даласында шайқасқан кеңес әскерлерінің қатарында қазақстандық сарбаздар да болды. Ең өкініштісі, жат жердегі майданда өзгенің қол шоқпары болдық дейді ардагер Қайрат Диханов.

Қайрат Диханов Алматыда қаласындағы әскери мектепте үш айдай білім алады. Бұдан соң жас сарбаз өзінің сержанттық міндетін алғаш ауған жерінде бастаған. Ел аманатын арқалап, бөтен елдегі майданға аттанған жауынгер қанды қырғында қарсыластарына қарусыз шабуыл жасапты. Сол кездегі оқ пен оттың арасындағы ұрыс, жазықсыз құрбан болғандардың ерлігі әлі күнге ашылмай құпия күйінде қалып отыр дейді ардагер.

Талайдың тағдырын тәлкекке салған Ауған соғысы тура 10 жылға созылды. Онда қаншама жас қыршынан қиылып, қаншасы мүгедек болып оралды. Тыныштық Егембердиева жат жердегі соғысқа жалғыз ұлын жіберген. Алты айдан соң, перзентінің өлі денесі табытпен жеткізіліпті.

Ауған жеріндегі соғыстан аман оралғандардың дені мүгедек атанып, жұмысқа жарамсыз болып қалған. Олар мемлекеттен тиісті жәрдемақы алады. Бірақ бұл жарымжан жауынгерлердің жыртығын жамауына жетпейді дейді қиналған ардагерлер.

Лаура Мамырова