Оңтүстік іскер әйелдер аз емес

269

«Оңтүстік өңірінің қыз-келіншектері және бизнес». Шымкентте осындай атаумен іскер әйелдер форумы өтіп жатыр. Оның ұйымдастырушысы – облыстық кәсіпкерлер палатасының әйелдер кеңесі.

Іскер әйелдер

Бүгінде еліміздегі шағын және орта бизнес нысандарының 41 пайызын әйелдер басқарады. Мысалы, 2014 жылы әйел кәсіпкерлер ашқан жұмыс орындарымен 700 мыңнан астам жерлесіміз қамтылған. Ол дегеніміз, бизнес секторындағы жұмыс орындарының үштен бірі.

Осы кәсіпкерлікті жандандырып, экономиканы тұрақтандыру бағытында кездесетін түйткілдер мен іскерлікті жандандыруды тежейтін кедергілерді жою мақсатында біз тек біріге жұмыс жасауымыз керек» дейді форум қатысушылары. Оның бірқатар шарттары да басқосуда сөз болды.

Жеке басымның мәселесін шешсем деп емес, қоғамға пайдамды келтіріп, қажетіне жарасам деген талпыныстары көбінде нәтижелі. Осы форумда өз ісін бастасам деген аруларға да тиісті ұсыныстар мен кеңестер берілді.

Қазығұрттық кәсіпкер Гүлзия Бейсебаеваның кондитерлік цех ашып, 20-дан астам жерлесін жұмыспен қамтып отырғанына 11 жыл болды. Шарапхана ауылында бастауын алған тәтті нандар пісіретін шағын фабрикасы бүгінде аудандағы 15-ке жуық ауылда бар. Ал кәсіпкер азаматша жұмысын ары қарай жандандыруға ниетті.

Іскер әйелдер кеңесі

Форумға облыс әкімдігі мен «НұрОтан» партиясының облыстық филиалы, «Даму» дамыту қоры мен «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы қолдау көрсетті. Форумның алғашқы сессиясының қорытындысында палатаның әйелдер кеңесі мен облыс әкімдігінің арасында іскерлік қарым-қатынасты нығайтып, өзара қолдау жасауды нақтылаған меморандум түзілді.

Зәуре Оралбаева