Оңтүстікке білім министрі келді

345
А.Сәрінжіпов

Қазақстанның білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысына келді. Сапар барысында министр өңір басшысы Б.Атамқұловпен кездесіп, аймақтағы үш ауысымды және апатты мектептердің санын азайту, балаларды техникалық мамандықтарға баулу жайын сөз етті.

А.Сәрінжіпов

Облыс әкімінің айтуынша, жыл басынан бері өңірдегі апатты ғимаратта орналасқан мектептердің орнына жаңа 24 білім ошағы салынып, пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тағы 5 мектептің құрылысы аяқталады.

Ал 46 апатты мектептің қалған 17-сі алдағы жылдары шешімін табатын болады. Сондай-ақ, үш ауысымды оқытуды жою шеңберінде келер жылы 11 мектептің құрылысы басталады деп күтілуде.

Еліміздің бас педагогы жаңа технологиялар коледжіне бас сұқты. Орта арнаулы оқу орнының ұжымы қазақы сән-салтанатымен күтіп алды. Министр бірінші кезекте әлемдік стандарт негізінде білім беру жүйесіне көшу бойынша тындырылған тірліктермен танысуға асықты. Қазір басты меже техникалық мамандықтарға мән беру. Енді кәсіпқор холдингінің Белоруссияда біліктілігін көтеріп келген оқытушылары Оңтүстіктің белді оқу орындарында тәжірибесін бөлісетін болады.

Білікті маман тәрбиелеу білім ошағынан басталады. Қазір Оңтүстікте үш ауысымдық мектептер әлі де болса бар. Соның бірі – Достық шағынауданындағы №69 жалпы орта мектеп. Еліміздің бас педагогы мұнда да бас сұғып, оқу процесімен танысты. Ведомство басшысы таяу жылдары үш ауысымдық мектептер болмайды деп қадап айтты.

Әзірге мектеп ұжымы әліптің артын бағуға тура келеді. Өйткені бұл күндері жүргізіліп жатқан жаңа білім ошағының құрылысы аяқталуы шарт. Сондықтан педагогтар да артық ауысымнан ауыртпалық басым деп отыр.

Оңтүстікте жылына 70 мыңға жуық нәресте дүниеге келетінін ескерген министр мұнда 12 ай ішінде 30-40 шақты білім ошағы бой көтеруі керек. Ал ол үшін, тіпті, ұлттық қордан бөлінетін қаражат та әзір дейді еліміздің бас педагогы.

Мақсат Жақсыбаев