«Шымкент сырасы» зауытының өкілдері: «Компания атын жамылғандар көбейді»

497
Шымкент сырасы

Бәсекелестік салқыны сыраға келіп жетті. «Шымкент сырасының» сауда белгісін пайдаланып, сатылымды қыздырып жатқандар көбейді. Бұл туралы аталған компания өкілдері арнайы ұйымдастырған баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Олардың айтуынша, тауарлық белгінің атауын жамылып, компания абыройына нұқсан келтіруден бөлек, материалдық шығын келтірген бәсекелестер жетерлік.

Сыра зауытының өкілдері

Тауарлық белгінің беделіне алаңдаған өкілдер бірден баспасөз мәслихатын ұйымдастыруды ұйғарыпты. Өйткені Алматыдағы бірқатар дәмханалар мен мейрамханаларда «Шымкент сырасының» атын жамылып, өзге ішімдік түрімен келушілерді алдап жіберген жағдай болған. Мұны сыраның дәмінен дәнігіп қалған тұрақты тұтынушылар жеткізіпті.

Сыра зауытының өкілдері айтылған уәж құрғақ болмас үшін, тіпті, әлеуметтік желіде таралып кеткен видеоны да жиналған жұртқа көрсетті. Зауыт өкілдері шымкенттік брендтің атымен сыра таратқан алпауыт компанияның бұл әрекетін түсінбей дал.

Алексей Носков: «Біз Қазақстанда 30 шақты бренді бар компанияның «Шымкент сырасы» атына неге таңылып қалғанын түсінбей отырмыз. Олар үшін – бұл ішімдік түрі. Ал біз үшін бұл – бүкіл тарих. Қаланың атымен аталатын тұтыну тауары географиялық маңызға ие. Ал осыған нұқсан келтіруге тырысудың не пайдасы бар екенін біз түгілі жұртшылық та түсінбей дал.»

Қазір сыра жасайтын зауыт өкілдері тұтынушылар арасында сенімсіздік тудырған жағдай үшін сотқа жүгінуге бел буып отыр. Түрлі құзырлы мекемелердің тиісті анықтамасынан кейін осындай қадамға бармақ. Осы арқылы бренд беделіне келтірілген шығынды өндіру де ойда бар.

Видади Гаджиев: «Біз сатылым көлемінің тіптен төмендеп кеткенін байқадық. Біздің талабымыз – зауыт брендін пайдаланып, тұтынушыларды алдауға жол бермеу. Осындай қадамға барған «Карлсберг Қазақстан» компаниясын заң бойынша жазалап, тиісті шығынды өндіреміз деген тоқтамға келдік.»

Қазір компания өкілдері өзге де құзырлы орындармен заң шеңберінде тауарлық белгінің беделін қорғау бойынша кеңес алып жатыр екен. Географиялық мазмұны мен өзіндік дәм ерекшелігі бар «Шымкент сырасының» сынға ұшырамауына бар күшімізді саламыз дейді зауыт қызметкерлері.

[youtube]https://youtu.be/tGMafUPmAwM[/youtube]

Мақсат Жақсыбаев