Қаратау ауданының әкімі есеп берді

287
Қаратау ауданының әкімі

Шымкентте жаңадан құрылған Қаратау ауданында атқарылған шаруа аз емес. Алайда онымен тоқмейілсуге болмайды. Өйткені қаланың қарамағына өткен елдімекендерде ауыз су мен жол және көгілдір отын тарту ісі кезек күтіп тұр. Аталған аудан әкімінің есебін тыңдауға жиналған жұрт осындай ой айтты.

Қаратау ауданының әкімі

Әкімнің жылдық есебі №72 жалпы орта мектебінде өтті. Білім ошағының үлкен акт залына жұрт біртіндеп жиналды. Алайда келген қауымның қарасы қалың болмады. Басшының есебі әкімдікте өтеді деп ойласа керек, әйтеуір залдың тең жартысындағы орындықтар бос қалды. Бұдан соң көпке ұзамай аудан әкімі 40 минуттық баяндамасын бастады. Тындырған тірлігін түгендеген басшы, әсіресе, коммуналдық мәселеге кеңірек тоқталды.

Бүгінде Қаратау ауданына қарасты 213 мың халық бар. Оның 50 мыңы көгілдір отынға қол жеткізе алмай отыр. Ауыз су мен жолға жарымаған жандар жетерлік. Жиналған жұрт осы сияқты коммуналдық мәселелерді көтерді.

Табиғи газ бен ауыз су мәселесі 2017 жылы толықтай шешіледі деді аудан әкімі. Елдімекендердің тазалығы күнделікті қадағалаудан қалған емес деген басшы өзге түйткілдердің түйіні биылғы жыл соңына дейін тарқатылады деп уәде етті. Жаңа ауданның тұрмысын жақсартуға барынша күш салған әкімнің бұл есебіне жиналған жұрт оң бағасын берді.

Мақсат Жақсыбаев