Кентау тұрғыны мұқтаж жандарды алдаған

308
Алаяққа алданғандар

Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік бағдарламаның атын жамылған келіншек мұқтаж жандарды тақырға отырғызып кетті. Үкімет миллиондап теңге беріп жатыр деген Сая Беспаева Кентау қаласының өзінен 90-ға жуық адамды алдаған.

Ол үшін алдымен ақша жинау керек деген әйел жарымжан азаматтардың әрқайсысынан 13 мың теңгеден алып кетіпті. Енді алданған тұрғындар жергілікті полициядан бастап Астанаға дейін шағым жазса да ақшаларын қайтара алмай жүр.

Алаяққа алданғандар

Жылап-сықтап тұрғандардың бірі – жесір, бірі – мүгедек, енді бірі – жарымжанды асырап отырғандар. Жарты жыл бұрын Сая есімді келіншек Кентаудағы ғаріп жандарды мейрамханаға жинап, қуанышты хабар жеткізген. 13 мың теңгеден берсеңдер, мемлекеттік бағдарлама бойынша 90 мың мен 1 млн теңге аралығында қаржыға кенелесіңдер деп ант-су ішіпті. Тіпті ақшаны алғаны жөнінде түбіртек те берген.

Рәбия Өтепова, ІІ топтағы мүгедек: «Одан кейін миллиондап ақша бердік. Өздеріңіз кәсіпкерлікпен айналысам десеңіздер, қолдаймыз деген соң бергем.»

Зәмира Райымқұлова, Кентау қаласының тұрғыны: «Маған 13 мың теңге деген өте үлкен ақша. Мен кішкентай 3 бала-шағамды бір әлеуметтік жәрдемақымен ғана асыраймын. 5 жылдан бері жесір әйелмін.»

Мол пайдаға кенелеміз деп, жер сипап қалған кентаулық 89 жесір мен мүгедек жарты жылдан бері полицияны жағалап жүр. Бірақ еш нәтиже жоқ дейді ашынған жұрт.

Дүйсенәлі Жүсіпов, І топтағы мүгедек: «Ол әйел ақшаны қайтарып, жазалансын. Өйткені ол 2012 жылдан бастап алдап жүр екен жұрттарды. Өмір бойы жазаланбаса, қайталай береді бұл әдетін. Бізді алдаса, ертең бөтен адамдарды алдайды.»

Алдап кетті деген Сая Беспаеваға жұрт тағы да телефон шалды. Алайда, әңгімелері ұрыс-керістен ары аспады.

– Қашан қайтарасыздар, 8 ай болды?

–Мен сіздерге өз қалтамнан төлеп жатырмын. Мен, бірақ, компанияға құйғам.

–Ешқандай төлеген жоқсыз ғой?! Бір теңге де берген жоқсыз. Өз ақшамызды ала алмай жүрміз.

-Сізден басқа адамдар алып жатыр, апай.

-Ешкім алған жоқ .

Ал кентаулық полицейлер Сая Беспаеваны 4 айдан бері алаяқтық бабы бойынша тергеп жатырмыз дейді.

Мұрат Ермеков, Кентау қалалық ІІБ бастығының орынбасары: «Аталған қыз-келіншек, күдікті ретінде ресми танылып, қылмысты іс тергеліп, анықталу сәтінде. Күдіктінің жасөспірім баласы бар болуы ескеріліп, ешқайда кетпеу және өзін-өзі дұрыс ұстау қолхатымен жіберілген.

Қылмыстық істі тергеу аяқталуға жақын. Ал Сая Беспаеваға алданып, полицияға арыз жазғандар саны оннан да аспайды екен. Сондықтан полицейлер жәбірленушілердің барлығы шағым жазсын деп отыр. Ал сан соғып қалып, ақшасын ала алмай жүргендердің сөзінше, Кентаудың өзінде 90-ға жуық адам бар болса, жалпы Оңтүстік Қазақстанда жәбірленушілердің ұзын саны 350-ге жетіпті.

ktk.kz