Шымкенттік оқушыларға өз кәсібін бастауға тамаша мүмкіндік

254

Шымкенттік оқушылар кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Бұл үшін кәсіпкерлік палатасы мен «Поколение NEXT.KZ» орталығы бірігіп байқау жариялады. «Мен болашақ кәсікпермін» атты шараға 15 пен 18 жас аралығындағы жастар өздері құрған бизнес жоспарын ұсына алады.

vlcsnap-2016-01-08-17h18m03s28

Қазақстанда алғаш рет мектеп оқушыларының кәсікперлігін дамытуына жол ашылды. Мұндай жобаны бірінші болып шымкенттіктер қолға алып, тиісті жұмыстарды бастап кетті. Атап айтқанда іскерлігін көрсеткісі келген жасөспірімдер үшін «Мен болашақ кәсіпкермін» байқауы жарияланып, жастардың жаңа идеядағы бизнес-жоспарлары қабылдануда.

Қамбар Ермекбаев, оқушы: «Мен сыныптастарымен бірігіп, ғаломтор арқылы көптеген қызметтің түрін ашуды жоспарладық. Мысалы, бізде үй жинаушылары, аула сыпырушысы, сантехник сынды мамандарды табу қиын. Әсіресе, Шымкентте. Сондықтан осы мамандардың қызметіне жүгінгісі келетіндер үшін арнайы сайт ашып, жұмыссыз жүргендерге мүмкіндік ашуды жоспарлап отырмыз.»

vlcsnap-2016-01-08-17h19m56s140

Жаңа жобаны кәсіпкерлер палатасы мен «Поколения NEXT.KZ » орталығы бірігіп іске асыруда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шара оқушылардың болашақта мамандық таңдап, нақты жұмыс орнын табуына көмектесе алады. Ең бастысы, ісін бастағысы келетін жастарға дұрыс бағдар беріп, шағын бизнестің дамуына жол ашылмақ.

Асқар Әбубәкіров, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры: «Конкурсқа қатысушыларға қатып қалған талап жоқ. 8 және 11 сынып оқушыларының жаңа бизнес-жоспарлары қабылданады. Оларға бағыт-бағдар береміз. Конкурсқа қатысушы жастар ісін дөңгелеткен кәсіпкерлермен кездесіп, жұмыс орындарына барады. Практикадан өтеді.»

Байқауда комиссия мүшелері 100-ден аса үздік бизнес-жоспарды таңдап алмақ. Шара мамыр айының соңына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында 15 және 18 жас аралығындағы кез келген жасөспірім кәсіпкерлер палатасына келіп, табысқа кенелтетін жүйелі жоспарын ұсына алады. Таңдаулы және үздік жобалар республикалық комиссияға жіберіліп, иелері бағалы сыйлықпен марапатталмақ.