Жедел жәрдем қызметкерлері қысқартылуы мүмкін

329
Дәрігер Орынбаев

Шымкентте қырыққа жуық жедел жәрдем қызметкері жұмыссыз қалуы мүмкін. «Дәрігер Орынбаев» медициналық орталығы халыққа жедел қызмет көрсететін 2 бригадасын себепсіз жұмыстан қысқартпақ. Осылай деп ашынған азаматтар  денсаулық мекемесінің алдына жиналып, бас көтерді.

Дәрігер Орынбаев

Гүлсім Қаюпова жұмыстан қысқартылуың мүмкін деген сөзді естіп, төбесіне жай түскенін айтады. Он жылдық тәжірибесі бола тұра бір күнде жұмыссыз қалғалы тұрған маман дәрігер Орынбаев атындағы медициналық орталықта жұмыс істеген. Айтуынша, мекеме басшылығы ешқандай ескертусіз, бір ай ақысыз демалысқа шығарған. Ол аздай жұмыстан басыбайлы босатыласың деп айтыпты.

Гүлсім Қаюпова: «Бізге айлықты жарытып төлемейді. Мейлі, жеке клиника болған соң, оған да көндік. Бірақ, ешқандай себепсіз жұмыстан босатуы – сұмдық. Мұндағы әр қызметкердің басында несиесі бар. Оған қоса, әр азамат бір үйді асырып отыр.»

Бір күннің ішінде жұмыссыз қалғандардың саны қырыққа жуық. Олар басшылықтың жауапсыз әрекетіне наразы. Мәлімдеулерінше, қызметтерінен босату туралы мекеме басшылығы алдын ала ескерту жасамаған.

Нәпақасыз қаламыз деген ақ халаттылар бүгінгі күнге дейін мұндағы 5 бригададан тұратын жедел жәрдем қызметінде жұмыс істеп келген. Қысқартудың салдарынан екі топтың жұмысшылары бос сандалып қалуы мүмкін. Онсыз да жедел шақыртуға уақтылы бара алмайтын мамандардың азаюы әлеуметтік жағдайға кері әсер етері сөзсіз.

Айтжан Бейсенбай:
Айтжан Бейсенбай:

Айтжан Бейсенбай: «Бес бригаданың екеуі босатылады дейді. Сонда үш бригада жұмыс істейді, қалған екі бригада үйде жатады. Ал, бірақ, бес бригадаға қаржы аударылады. Бес бригаданың өзі әрең үлгеретін. Онсыз да қоңырау көп. Ал сонда үш бригада халыққа жедел қызмет көрсету үшін  қалай үлгереді?»

Қызметкерлердің бұл сөзін облыстық жедел жәрдем қызметінің бас маманы да растап отыр. Оның айтуынша, күніне жедел жәрдем қызметіне 1500-ге жуық қоңырау түседі. Оның тоқсанға жуық шақыртуына «Дәрігер Орынбаев» атындағы медицина орталығының бригадасы барады. Маман барлық қоңырауға дер кезінде үлгеру үшін қосымша мамандар қажет екенін жасырмайды.

Гүлнар Құрманбекова, Шымкент қалалық жедел жердем көрсету стансасының бас дәрігері: «Бізде шақыруға кешігулер көбейіп жатыр, өкіншке орай. Егер Орынбаев медициналық орталығында 2 жедел жәрдем бригадасының саны қысқартылатын болса, шақыртуларға кешігу көбейеді. Өйткені бұл орталық тәулігіне 86-85 шақыртуға барады. Демек, қырыққа жуық қоңырауға кешігу болады. Бұл біз үшін өте тиімсіз.»

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері жұмысшылардың қысқартылуын негізсіз дейді. Олардың айтуынша, Орынбаев атындағы медициналық орталықтағы бес бригада мемлекеттік бюджет есебінен қызмет етеді. Демек мамандардың жұмыс істеуі үшін қаржы қарастырылған дейді.

Сәуле Әріпбекова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы: «Біздің тарапымыздан бригаданы қысқарту мәселесі көтерілмеген болатын. Бұл мәселе көтерілген жағдайда да қысқартылмайды. Жұмысшылардың қысқаруы мүмкін емес. Себебі бізде облыстың деңгейінде, қала көлемінде де халықтың саны өсіп жатыр күннен-күнге. Сондықтан бригаданы біз қысқартпаймыз. Орынбаев атындағы медицина орталығында 5 бригадасының жұмыс істеуі үшін мемлекеттен жылда қаржы қарастырылып отырады.»

Осылайша денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қызметкерлердің жұмыстан қысқартылуы заңсыз деп отыр. Ал дәрігер Орынбаев атындағы медициналық орталық басшылығы бұл жағдайға байланысты қандай да бір түсінік беруден бас тартты.