Шымкентте көліктерді тонап келген топ ұсталды

234

Шымкентте соңғы кезде көлікке көз салатындар көбейіп кетті. Тұрғындарды тақырға отырғызып, темір тұлпарын тізгіндеп кеткендерді ұстау құзырлыларға оңайға соғып тұрған жоқ.

Дегенмен, жақында Шымкентте қосалқы бөлшек үшін көліктерді қолды етіп жүрген қылмыстық топ ұсталды. Әл Фараби полиция бөлімінің тәртіп сақшылары төрт бірдей күдіктінің қолына кісен салды.

Ұсталған күдікті

Қаладағы Әл Фараби ауданына қарасты аумақ тұрғындарының мазасы қашқанына бірнеше ай болды. Көлік иелерін тақырға отырғызып кеткен ұрыларға ешқандай тосқауыл болмапты. Белгісіз біреулер үйлердің ауласын жағалап, қараусыз қалған темір тұлпар бөлшектерін қолды қылып жүрген. Олар Ернұрдың да жуырда ғана әкесі сыйға тартқан көлігін үптеп кетіпті.

Ернұр Батырханұлы, жәбірленуші: «17 қаңтар күні Мерседес көлігімді Байтұрсынов көшесіндегі үйдің ауласына түнгі сағат 12 шамасында қойып кеткенмін. Таңертең сабаққа барайын деп шықсам, көлігімнің капоты ашық тұрғанын көрдім. Барып қарасам, ішіндегі бөлшектерін, яғни, волюметрін, аккумуляторын, компьютерін ұрлап кеткен. Дереу Әл Фараби полиция бөліміне хабарласып, арыздандым. Олар жедел түрде екі аптаның ішінде ұрыны ұстап, барлық шығынымды өтетіп берді.»

Көлік ұрлау

Көліктердің қосалқы бөлшектерін қолды етіп отырған ұйымдасқан қылмыстық топты 28 жастағы Тельман бөлімшесінің тұрғыны басқарған. Төрт адамнан тұратын топ негізінен Опель және Мерседес көліктеріне әуес болған. Соңғы бес ай ішінде күдіктілердің 80-ге жуық дерекке қатысы бары анықталып отыр.

Қансейітов Нұрсұлтан, Шымкент ҚІІБ Әл Фараби полиция бөлімінің аға тергеушісі: «Бұл қылмыстық топ түн ішінде, ауа райының қолайсыздыған пайдаланып, көп қабатты үйлердің алдында тұрған көліктердің капотын бұзып ашып, қосалқы бөлшектерін қолды еткен. Ұрланған затты М. есімді тұлғаға өткізіп отырған. Ал соңғысы оларды өз үйінде заңсыз сатқан.»

Қазір ұсталған төртеу де абақтыға қамалған. Аталған жәйт бойынша қылмысты іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүруде. Оның барысында күдіктілердің тек бір ауданның автокөліктеріне ғана емес, өзге де аумақтағы автомобильдерге көз салғаны анықталды.

Гүлжан Байназарова