Таңға жуық моншадан өрт шықты

322
Монша өртенді

Шымкентте таңға жуық монша өртенді. Өрт сөндіру қызметінің кезекші маманына тілсіз жау туралы суыт хабар таңғы сағат 06:45-те түскен. Темірлан тасжолы бойындағы мұсылман моншасы өртеніп жатыр.

Оқиға орнына өрт сөндірушілер дереу аттанды. Адам көп жиналатын орын болғандықтан, өрт сөндіру қызметінің жетекшілері бұл дабылға екінші дәрежелі деп баға беріп, 19 арнайы техника мен 78 өрт сөндіруші келіп жетті.

Монша өртенді

Өрт болып жатқан жерге облыстық төтенше жағдай департаментінің басшысы Александр Путейко да келді. Өрт сөндіру қызметінің полковнигіне оқиға орнындағы мамандар тілсіз жаудың 459 метр жерді шарпығанын жеткізді. Өрт сөндірушілердің шұғыл қимылының нәтижесінде жалын таңғы сағат 08:29 минутта толық ауыздықталды. Құдай сақтағанда, құрбандар мен жарақат алғандар жоқ.

Айта кету керек, өңірімізде алғаш рет өрт сөндіру кезінде құтқарушылар квадрокоптерді қолданды. Оны төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері жыл басында сатып алған болатын. Бейнекамера ілінген ұшатын құралдың көмегімен өрт сөндірушілер жалынның шарпыған аймағының көлемін нақты анықтап, тілсіз жаудың көрші ғимаратқа өтіп кетпеуін бақылап отырды.