Н.Өнербаев пен Т.Бурмистрова Шымкентте концерт береді

620
Өнербаев пен Бурмистрова

Оңтүстікте Қазақстанға танымал өнер иелерінің концерттері өтеді. Мерекелік бағдарламалар 8 наурыз мейрамына арнайы ұйымдастырылып отыр. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Татьяна БурмистроваАлдымен, Қазақтың қара домбырасымен ұлттық әндерді шебер орындап, ыстық ықылас пен қошеметке бөленген Оңтүстіктің тумасы Бурмистрова Татьяна Николайқызының «Әйелді сүйсең күн боп сүй» атты мерекелік бағдарламасы өтеді.

Татьяна Бурмистрова газетке берген бір сұхбатында қазақтың тіліне, мәдениетіне, дәстүрі мен өміріне құмар еткен ауыл екенін айтып, «Мені «қазақтың Татьянасы» еткен – халық әндері» деген болатын.

Бурмистрова Татьяна Николайқызы кезінде ақындар айтысына қатысып, «Алтыбақан», «Тамаша» танымал телебағдарламаларында өнер көрсеткен. Он жастан бастап домбыраны қолына алған жерлесіміз осыдан 30 жыл бұрын сахнаға шығып, бүгінгі күнге дейін халыққа өз өнерін көрсетіп келеді. Ол Естай Беркімбаев, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиевтің сөздеріне жазылған әндер мен термелерді шебер орындайды.

Өнер иесі қыз бүгінде Қазақстан еңбек сіңірген қызметкері, Оңтүстік Қазақстан облысы Бәдібек ауданы, Алматы облысы Қаратал және Кербұлақ аудандарының құрметті азаматы.

Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай өтетін концерт 5 наурыз күні сағат 19:00-де Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында өтеді.

 

Нұрлан Өнербаев
Нұрлан Өнербаев

Одан кейін Оңтүстік халқын Нұрлан Өнербаев қуантпақ. Өнер әлемінде өзіндік ізі бар, пайым парасаты мен әуезді үні барша қазақтың дархан көңілінен шыққан жерлесіміз, Қазақстанның еңбек сіңірген артисті, әнші, актер Нұрлан Әлтайұлы 6 наурыз күні «Жалғандағы жарығымсың, ана…» атты мерекелік концертін туған өлкесінің тұрғындарына ұсынады.

Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданы, Қазақстан ауылында дүниеге келген Нұрлан Әлтайұлы үлкен сахнадағы әншілік, орындаушылық өнер жолын 1986 жылдан бастап, сол уақыттан бергі 30 жыл ішінде «Сағыныш», «Анашым», «Әке арманы», «Қазақ қызы», «Сұлулық», «Ауылым», «Туған күн», «Сағындым ауылды», «Жан аға», «Махаббат көктемі», «Қарағым-ай», «Аққуым», «Таңғы тілек», «Ақ тілек», «Ай да, күн де», сондай-ақ, халық әндерінен «Дударай», «Сандуғаш», «Бір бидай арпа», «Үкілі кәмшат», «Ой көк», «Беу, айдай», «Бипыл» әндерін шебер орындап, тыңдармандарының көңілінен шыға білді.

Қазақстан Жастар одағы сыйлығы мен «Дарын» сыйлығының және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағына ие өнер майталманы парламент мәжілісінің депутаты атанып, халқының мұң-мұқтажын шешуге де атсалысты.

«Түркістан» сарайында өтетін мерекелік концерт сағат 19:00-де басталады. Концертке Нұрлан Әлтайұлының ұлдары Мақсат пен Марғұлан қатысады деп күтілуде.