Шымкентте көлік қаққан инспектор есін жиды

325
Полицейді көлік қағып кетті

Шымкентте көлік қағып кетіп, ауыр жарақат алған полиция қызметкерінің жағдайы дұрысталып келеді. Ол есін жиған. Қазір Ғабит Көбеев әлі де қалалық жедел жәрдем ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр.

Дегенмен, ота жасаудың қажеті жоқ дейді дәрігерлер. Қабылдау бөлімінің меңгерушісінің айтуынша, науқасты алдағы уақытта кәдімгі палатаға шығаруы мүмкін.

– Науқас есін жиды. Өзі тыныс алуда, – дейді жедел жәрдем ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Сәбит Байбосынов. – Дегенмен, әлі өз бетімен тамақтана алмайды. Дәріні көп қабылдағандықтан, көп ұйықтайды. Ота жасаудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

Полицейді көлік қағып кеттіЕске сала кетейік, бұл оқиға 3 наурыз түні сағат 21:40 шамасында Қайтпас шағынауданында болған. Осындағы «Сайман» дүкенінің алдында полиция қызметкерін көлік қағып кетті.

25 жастағы Ғабит Көбеев осы жерде қызмет атқарып тұрған кезде Киа Серато көлігінің жүргізушісі инспекторды қағып кеткен. Соққының қатты болғаны соншалық, полиция қызметкері көліктің үстінен аударылып, артқа қарай құлаған.

Оған қарамастан жүргізуші көлігімен қашып кетеді. Ауыр жарақат алған әріптестеріне сол маңдағы инспекторлар жедел жәрдем шақырады. Ал қалғандары дереу жедел басқару орталығымен хабарласып, жүргізушіні іздеуге кіріседі. Киа көлігінің жүргізушісі алысқа ұзай алмады. Арада 15 минут өткенде Тұран шағынауданы аумағында ұсталды. Ол — 27 жастағы қала тұрғыны болып шықты.

Күдіктінің үстінен қылмысты кодекстің 345-бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.